22 шіл, 2025 сағат 15:20

Сезім емес, есеп: ІІМ желідегі алаяқтар туралы ескертеді

Фото: ашық дереккөз

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілердегі алаяқтықтың жаңа түрі – «махаббат схемасы» туралы азаматтарға ескерту жасады, деп хабарлайды Ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, желіде өзін шетелдік ретінде таныстырып, сезімге сендіретін алаяқтар көбейіп барады. Олар алғашқыда әдемі сөздер айтып, махаббат, тіпті үйлену туралы уәде беріп, артынша түрлі сылтаумен ақша сұрайды.

Алаяқтар көбінесе:

  • Таныстықтың басында-ақ сезімін білдіреді;

  • Бейнеқоңыраудан немесе кездесуден бас тартады;

  • Қиын өмірлік жағдайын айтып, аяныш тудырады;

  • Ақша, құжат немесе бағалы заттарды жіберуді сұрайды.

Осындай әдіспен Астана қаласының тұрғыны 9 миллион теңгесін алаяққа өз еркімен аударып жіберген.

ІІМ азаматтарды бейтаныс адамдарға сене бермеуге, әсіресе сезімге сеніп, қаржы жөнелтпеуге шақырады.

Ақпаратты мұқият тексеріңіз, күдік туса, 102 нөміріне бірден хабарласыңыз.