Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде ақын, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған «Сәкен Сейфуллин: ұлттық рух және ұрпақтар сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Алқалы жиынға Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, қоғам және мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «ТҮРКСОЙ» Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту жөніндегі халықаралық ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Хангелді Әбжанов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Күләш Ахмет, сондай-ақ белгілі лингвистер, әдебиеттанушылар, тарихшылар, халықаралық ұйымдардың басшылары, ЖОО оқытушылары, магистранттар мен студенттер қатысты.
Конференция барысында «Үш арыс» кітап-альбомы мен «Сәкен Сейфуллин – мемлекеттік тұлға» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Алғашқы аталған еңбек Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің және Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған. Кітап-альбом «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының тапсырысы бойынша қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шыққан.
– Біздің ұйымның басты мақсаты – түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын әлемдік аренаға шығару. Үш жазушымыздың шығармашылығын суреттер мен шығармалары арқылы көрсету үшін кітап-альбом шығаруға шешім қабылдадық, – деді «ТҮРКСОЙ» Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту жөніндегі халықаралық ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейінов.
Ал Хангелді Әбжанов, Серік Оспанов және Темірғали Аршабеков бірігіп жазған «Сәкен Сейфуллин – мемлекеттік тұлға» Қарағанды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастамасымен жарық көрді.
Бұл еңбекте Омбы архивінен және Алматыдағы Президенттік мұрағаттан алынған материалдарды кеңінен пайдаланған авторлар Сәкен Сейфуллиннің тұлғасын мемлекет қайраткері ретінде көрсетуге тырысқан.
Жалпы, аталған конференция материалдарының жинағына келіп түскен 120 ғылыми мақаланың ішінен 95 жұмыс іріктеліп алыныпты. Секциялық отырыстарда қатысушылар «Сәкен Сейфуллиннің мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі тарихи бейнесі», «Жаһандану дәуіріндегі тіл білімінің өзекті мәселелері» және «Қазақ әдебиетінің даму тарихы: кеше және бүгін» атты тақырыптарда пікір алмасты.
Конференция аясында Сәкен Сейфуллиннің жеке заттарының, сондай-ақ мұражай экспонаттары мен кітаптарының, мұрағат материалдарының көрмесі ұйымдастырылды.