Көлік полицейлері жыл басынан бері әуе және теміржол көлігінде 6 мыңнан астам құқық бұзу фактісін анықтады. Оның ішінде 611 оқиға – рұқсат етілмеген жерде темекі тарту, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап.
6 ақпанда Алматыдағы желілік полиция бөліміне «Air Astana» диспетчерінен хабар келіп түсті. Оның айтуынша, «Сеул – Алматы» бағытындағы әуе кемесінің бортында жолаушы тәртіп бұзған.
Тексеру кезінде көлік полицейлері оның 34 жастағы Киев тұрғыны екенін анықтады. Ол ұшақ бортында темекі тартқан.
Аталған жағдай негізінде ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 441-бабы 1,2 бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, жолаушыға 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды.