Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин баспана бағасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Баспана бағасы бойынша қолымда қазір соңғы деректер жоқ. Былтыр қайталама нарықта да, бастапқы нарықта да бағаның өсуін тіркеген болатынбыз. Біз бастапқы және қайталама нарықтағы баспана бағасын 3-тен 20%-ға дейін түсірілгенін мәлімдеген едік. Өйткені жетекші құрылыс компанияларымен сондай меморандумға қол қойғанбыз. Бұл бүкіл Қазақстан бойынша бағаның түсуіне әсер етті. Бапана сатып алуға қажет қаржы көзінің пайда болуы бағаны шарықтатқанын өздеріңіз де білесіздер», - деді Серік Жұманғарин.
Оның пайымынша, баспана бағасының қалай құбылатыны елдегі, сырттағы экономикалық жағдайларға тәуелді.
«Халық жинаған ақшасының бәрін баспанаға салады. Сондықтан біз бұл мәселеге мониторинг жүргіземіз. Баға қатты өседі деп ойламаймын. Өйткені бұл халықтың төлем қабілетіне тікелей байланысты», - деді агенттік басшысы.