05 қаз, 2021 сағат 13:41

Серік Шәпкенов Маңғыстаудағы еңбек дауларын азайту жолдарын атады


ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында Маңғыстаудағы еңбек дауларын азайтудың жолдарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еңбек қатынастарына қатысты өңірде 11 мың белсенді кәсіпорын жұмыс істейді. Жалдамалы жұмыскерлердің саны – 291 мың адам. Өңірдегі орташа жалақы – 353 мың теңге. Аутстаффинг бойынша қызмет көрсететін кәсіпорындарға мониторинг жүргізілді. Өңірде осындай 44 кәсіпорын бар. Онда 25 мың қызметкер жұмыс істеп жатыр. Жыл басынан бері облыс бойынша 22 еңбек жанжалы тіркелген», - дейді министр. 

Оның айтуынша, жұмыскерлер қоятын негізгі талаптар - мұнай-сервистік кәсіпорындарда жалақы деңгейін көтеру және еңбек жағдайларын жақсарту мәселелерін қамтиды. 

«Бұл уақытта кешенді жоспар шеңберінде министрлік «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, мердігерге берілетін тапсырыс көлемін 25 пайыздан аспайтын мөлшерде шектеу, конкурсқа қатысатын компанияларға қойылатын біліктілік талаптарын қатайту, конкурс өткізу кезінде жоғары жалақы төлейтін фирмаларға қосымша жеңілдіктер беру сияқты шараларды қарастырады», - деген ведомство басшысы 2025 жылға қарай өңірде еңбек қатынасындағы заңсыздықтардың 20 пайызға дейін азаятынына сендірді. 

«Сонымен қатар, кәсіпорындар, оның ішінде аутстаффингке қызметкер ұсынатын кәсіпорындарда еңбек заңнамасын сақтауға, жалақы мен еңбек жағдайларында сәйкессіздікке жол бермеуге бақылау қамтамасыз етілетін болады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін еңбек жанжалдарының санын азайтуға, анықталған заңсыздықтардың үлес санын 20 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Серік Шәпкенов.