28 сәу, 2023 сағат 18:08

Серік Күдебаевқа сот үкімі шықты

Фото: informburo.kz

Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевқа сот үкімі шықты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Талдықорған сотының үкімімен Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бүгін қашқын генерал-майор Талдықорған сотына жеткізілген болатын. Экс-полицей сотта соңғы сөзін сөйледі. Күдебаев қаңтар оқиғасы кезінде өз халқына оқ атпағанын мәлімдеп, кінәсін мойындамады. Алайда сот Күдебаевты айыпты деп тапты.

Судья мәлім еткендей, Серік Күдебаев Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-тармағы 1-тармақшасы "Азаптау" және 362-бабы 4-тармағы – "Билікті немесе лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану" баптары бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталды. Ол жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады.

Айта кетейік, Серік Күдебаевқа сот үкімі 10 наурызда шығуға тиіс еді. Алайда оның ауруханаға түскені хабарланды. Содан кейін сот процесі бірнеше рет кейінге қалды.

Күдебаев 23 наурызда қазақ-қырғыз шекарасын заңсыз кесіп өтіп, Бішкектен Стамбулға ұшып кеткен.

Ал 3 сәуірде Талдықорғанда өткен сот отырысында прокурор экс-полицейдің қылмыстық ісін тоқтатып, оған халықаралық іздеу жариялауды сұрады.

ҰҚК шетелге қашқан Күдебаевтың шекарадан ресми жұмыс істеп тұрған өткізу бекеттері арқылы өтпегенін мәлімдеді.

27 сәуірде Алматы облысы полиция департаментінің экс-басшысы ұсталғаны хабарланды. Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, ол Түркияда ұсталып, кейін елге жеткізілген.