Аса жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық файтер Сергей Морозов (17-6) UFC-дегі үшінші жекпе-жегінде екінші рет жеңіліс тапты.
32 жастағы ақтөбелік спортшы Хьюстонда (Техас, АҚШ) өткен UFC 271 турнирінде бақ сынады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Морозовтың қарсыласы америкалық промоушенде оныншы жекпе-жегін өткізген 36 жастағы бразилиялық Дуглас Силва де Андраде (28-4-0-1) болды. Үш раундқа есептелген кездесу екінші раундтың соңында аяқталды. Дуглас Морозовты тұншықтыру әдісімен ұтты.
Силва де Андраде үшін бұл - қатарынан екінші жеңіс. Енді оның UFC-дегі есебінде төрт жеңіліс, алты жеңіс бар. Алайда ол карьерасында екінші рет қана сабмишенмен жеңіп отыр.
Морозовқа келетін болсақ, ол өткізген үш жекпе-жекте екінші рет сәтсіздікке ұшырады. Ол былтыр қаңтарда ресейлік Омар Нурмагомедовтан (13-0) жеңілген болатын.
Айта кетейік, UFC 271 турнирінің соңында қазақстандық файтер Сергей Морозов пен бразилиялық Дуглас Сильва «Кештің үздік айқасы» үшін берілетін 50 мың доллар бонусты да иеленді.