Фото: Алматы ПД
Алматыда жаңа "Сергек-Патруль" жүйесі 50-ден аса заңбұзушылықты анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz порталы.
"Сергек-Патруль" кешенінің көмегімен қаладағы жол қозғалысы жағдайына теріс әсер ететін және жол-көлік оқиғасы деңгейіне әсер ететін ЖҚЕ өрескел бұзу жағдайлары анықталған.
"Бұл – техникалық байқаудан өтпеген және сақтандыру полисі жоқ, ұрланған немесе қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген, жалған нөмір таққан көлік, сондай-ақ айыппұлдары төленбеген жүргізушілер.
Сонымен қатар, жүйе қоғамдық көліктерге арналған жолақтардағы заңбұзушылықтарды тіркеп, жол қозғалысы ережелерін бұзуды өңдеу үшін деректерді автоматты түрде әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне жібереді", - делінген хабарламада.
Полицияда автоматтандырылған бағдарламалық кешен "Қорғау" мобильді қосымшасымен біріктірілгенін айтты. Ол өзінің техникалық мүмкіндіктерін айтарлықтай жақсартқан: құрылғы қараңғыда да, қолайсыз ауа райында да жақсы жұмыс істейді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда патрульдік полиция көліктеріндегі жаңа "Сергек" камералары видеоға түсірілгені хабарланған еді. Алматы ПД мәліметінше, қазір қалада "Сергек" орнатылған осындай сегіз патрульдік көлік бар. Алайда уақыт өте келе олардың саны артпақ.