14 ақп, 2020 сағат 10:54

Сергек: Елордалық жүргізушіге 5 млн теңге айыппұл салынды

Бір жарым жыл жол ережесін бұзған елордалық жүргізушіге «Сергек» камерасының дәлелімен 5 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Уәлихан Рахматуллаев елордада өткен баспасөз мәслихатында елордада әкімшілік істердің саны былтыр 2018 жылмен салыстырғанда 3,5 мыңға өскенін айтты.

«Сергек» камералары қаламыздың өте көп жерінде орнатылған. Олар өздерінің тиісті деңгейінде жұмыстарын атқарып жатыр. Біздің жұмыстың көбейіп кетуінің себебі – «Сергек» камераларына байланысты көп келіспеушілік туындап отыр. «Сергек» камераларымен тағайындалған айыппұлдарға келіспей, шағым келтіру бойынша бізге арыз көп түсуде. Осы жағдай бізде қаралатын істің көбейгенін көрсетті», - деді Уәлихан Рахматуллаев қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотта өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бір азаматқа «Сергек» камерасы арқылы айыппұл келетін болса, ол айыппұлмен келіспеген жағдайда әкімшілік сотқа жүгініп, кінәлі емес екенін дәлелдеуіне мүмкіндік бар.

Ал Нұр-Сұлтан қалалық сотының аппеляциялық алқа судьясы Мәдениет Омарбекова баспасөз мәслихатында бір істі мысалға келтірді.

«Басқа елдің нөмірлерін таққан көліктер бізде осы уақытқа дейін тіркелмей келгенін білесіздер. Осыны пайдаланған жүргізушілердің бірі жылдамдықты асырып, бір өзі 5 млн теңге айыппұл арқалады. Ол айыппұлдардың бәріне қайта шағым түсіріп, көлікті айдаған өзі емес екенін дәлелдеп баққан. Ал «Сергек» оны бәрін түсіріп алған. Ал оның көлігі Ресей Федерациясының астанасы Мәскеуде тіркелген болып шықты. Ол бір жарым жылдың ішінде жол ережелерін бұзып, 5 млн теңге айыппұл арқалады», - деді Мәдениет Омарбекова.