24 ақп, 2022 сағат 15:17

Сенатта балаларды қорлағаны үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылды


Сенатта балаларды қорлаудан қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау ұсынылды. Депутат Рысқали Әбдікеров өзінің депутаттық сауалында көңіл көншітпейтін статистиканы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, соңғы 5 жылда Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау деңгейі бойынша, оның ішінде 15-17 жас аралығындағы топта әлем елдерінің ондығына кіреді. 

«Ғалымдар мен сарапшылардың соңғы зерттеу қорытындыларына қарағанда, жасөспірімдердің 17 пайызы мектепте айына бір немесе бірнеше рет қысымға ұшырайды екен. Үйден тыс жерде зәбір көріп, оны ата-анасынан, мұғалімінен жасырып, өз проблемасымен жеке қалған бала ауыр психологиялық дағдарысқа ұшырап, стрестік жағдайды бастан кешеді және оның соңы орны толмас жағдайларға соқтырып жүр. Суицидиалдық мінез-құлықтың этиологиясында жалпы пайдаланудағы телекоммуникациялық-ақпараттық жүйелерде өзіне-өзі қол жұмсауды насихаттап, балаларды суицидке итермелеу ақпараттарының тыйылмай орналасуының барған сайын негізгі роль ойнап отырғаны алаңдатады»,- деді деуптат Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында. 

Рысқали Әбдікеров Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Қазақстанда балалар жылы деп жариялағанын атап өтті. Өз кезегінде әңгіме мерекелік іс-шаралар ұйымдастыруда емес, ең алдымен, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы уәкілетті органдардың баланы қорғауға бағытталған нақты шаралары туралы болуы тиіс. 

Депутат қазір мектептерде психологтардың нәтижелі жұмыс істеуіне жағдай жасау, балалардың мазасыздану деңгейін, суицидке бейімділігінің алғашқы белгілерін анықтауға және дер кезінде шаралар қабылдауға бағытталған балалармен жұмыстың нақты бағдарламасын қалыптастыру маңызды деп есептейді. 

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгеру енгізіп, білім беру ұйымының басшысы білім беру процесіне қатысушыға байланысты буллинг/кибербуллинг жағдайлары туралы уәкілетті органдарға хабарламағаны үшін жауапкершілік енгізу қажет. Мектептерде оқушылардың өзара жанжалдасуы мен текетіресінің, басқа да құқық бұзушылықтың алдын-алу үшін әлеуметтік оңалту мен татуластыру қызметтерін құру маңызды», - деді депутат.