06 қар, 2018 сағат 15:14

Сенатта әскерилерді баспанамен қамту мәселесі талқыланды

Сенатта Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кездесті.

Кездесуде «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жүзеге асу барысы қаралды.

Комитет төрайымы Дариға Назарбаева елімізде алғаш рет әскери қызметкерлерді тұрғын үй төлемдері механизмі арқылы баспанамен қамтудың жаңа моделі пайда болғанын еске салды.

«Өздеріңіз білесіздер, баспана алу проблемасы, әсіресе әскери қызметкерлер арасында әрдайым өзекті болған, қазір де өзектілігін жойған жоқ. Үкімет әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтуға бағытталған шара қабылдамайды деп айтуға келмейді. Дегенмен, қазіргі баспананы пайдалануға беру қарқыны тұрғын үй мәселесін мыңдаған отбасы үшін ашық қалдырып отырғанын мойындау қажет. Осылайша, оларды ұзақ жылдар бойы күттіріп қояды. Сондықтан, әскери қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз етудің жаңа механизмі өте маңызды. Себебі, оларға қызмет еткен кезінде өз үйін алу мүмкіндігі беріледі. Осылайша, әскери қызметкерлердің мемлекеттің ерекше қорғауындағы азаматтар ретіндегі мәртебесі расталады», - деді Назарбаева.

Дариға Назарбаева әскерилерді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған заңның қаншалықты тиімді жүзеге асып жатқанын Қорғаныс министрлігі басшылығынан сұрады.

Сенат 2017 жылғы қарашада әскерилерді баспанамен қамтамасыз ететін заң жобасын қабылдаған еді. Оған сәйкес, қызметкерлерге бөлінетін тұрғын үй төлемдерi бірден банктердiң арнайы шоттарына аударылады. Осылайша, баспанаға бөлінген ақша ұсталып кетпей, біртіндеп жинақталады.

baq.kz