Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті.
Онда депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі және қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Жоғарғы палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжаттың басты мақсаты – мемлекеттік сатып жүйесін жетілдіру, сатып алу рәсімінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту.
«Қаржы министрлігі Электронды қаржы орталығының деректеріне сәйкес, 2020 жылы жасалған мемлекеттік сатып алу шарттарының көлемі 5,9 трлн. теңгені құраған. Оның ішінде 2,4 трлн. теңгеден астам сомаға тең шарттар тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен жасалған. Бұл көрсеткіш мемлекеттік сатып алулардың жалпы көлемінің 40 пайыздан астамын немесе ЖІӨ-нің 3,6 пайызын құрайды», – деді сенатор Еділ Мамытбеков.
Заң жобасындағы жаңашылдықтардың бірі – бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға қажетті негіздемелер санын қысқарту. Осыған орай әлеуетті өнім берушілер мемлекеттік сатып алуды тауарлар мен олардың бағалары туралы ақпаратты орналастыратын Мемлекеттік сатып алу веб-порталы интеграциялаған жаңа ақпараттық жүйе – электрондық дүкен арқылы жүргізу ұсынылып отыр. Мұндай сатып алулар жалпы құны АЕК-тің 4000 еселенген мөлшерінен аспайтын біртекті тауарларға жүргізіледі.
Сенаторлар заң жобасын жан-жақты талқылаған соң, аталған құжатты екінші оқылымда қарау туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар Сенат отырысында бірқатар депутаттық сауалдар жолданды.
Ольга Булавкина жайылымдық жерлердің тапшылығына байланысты ауыл тұрғындары бетпе-бет келіп отырған мәселелерге назар аударса, Дүйсенғазы Мусин көтерме-бөлшек сауда орталықтарын салу жайын сөз етті.
Ғұмар Дүйсембаев Атырау-Орал және Мұқыр-Құлсары автожолдарын қайта қалпына келтіру керектігін айтты.
Өз кезегінде Рысқали Әбдікеров қала үлгісіндегі ауылдардағы тұрғындардың мәселелеріне тоқталса, Мұрат Бақтиярұлы Республикалық терминологиялық комиссия жұмысын жақсартудың маңызды екенін атап өтті. Ал Нұртөре Жүсіп журналистердің мәртебесін заңмен бекіту қажеттігін тілге тиек етті.
