20 там, 2018 сағат 14:59

Сенаторлар Қызылорда жылыжайларын аралады

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бекмырза Еламанов және Мұрат Бақтиярұлы облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралады.

Халық қалаулылары алдымен Ақсуат ауылдық округіндегі «ҚазАгроМир» ЖШС-не қарасты жылыжай құрылысымен танысты. Жалпы құны 1 млрд. теңге болатын жылыжай құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазірдің өзінде мұнда 50 ден астам құрылысшы еңбек етуде. Аумағы 2 гектарға жуық аталмыш орын өз жұмысын бастаса, қала мен елді мекендер көкөніс өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, 30 адам еңбекпенпен қамтылады.

Мұнан соң Қарауылтөбе ауылдық округіндегі «Натишаева» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. «Натишаева» жеке кәсіпкерлігі бірнеше саланы қатар алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұл кәсіпорында тұрақты және ауысымдық негізде 350-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы – 70 мың теңге. Кәсіпкерге қатысты жылыжайға барғанда жұмысшылар оны алдағы маусымға дайындап жатыр екен. Кешен 2014 жылы салынған. Ондағы еңбек адамдары арнайы дәріс алған.

– Көршілес Оңтүстік Қазақстан облысындағы әріптестерімізбен тәжірибе алмастық. Ақырындап осы саланы игере бастадық. Тұтынушылардан сұраныс өте жоғары. Қызылордалықтарды жергілікті өніммен қамтамасыз етсек дейміз. Осы мақсатта тынбай тер төгудеміз, – дейді жылыжай кешенінің мамандары.

Сонымен қатар мұнда «Орда» шаруа қожалығы орналасқан. Кешенде мал бордақылау алаңы, мал сою пункті, ет бағытындағы құс фермасы бар. Мұнда 120 мың «Арбор-Айкрес» тұқымдас тауық өсіріледі. Күніне 6500 жұмыртқа, 5 тонна ет өндіруге мүмкіндігіміз жетеді. Құсты Алматы облысынан әкеліп отырмыз. Бүгінде бұл орында 17 адам жұмыс жасайды, – дейді құс өсіру шаруашылығына жетекшілік етіп отырған Кенжебек Қалмұратов.

– Жергілікті шаруалар халықты көкөніспен, жеміспен толықтай қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан Өзбекстан мен Қытайдан әкелінген өнім нарықты жаулап алды. Қыс мезгілінде жылыжайда өсірілген қызанақ пен қияр сұранысты өтеуі тиіс. Өкініштісі, еліміздің барлық өңірінде жылыжай шаруашылығы көркейіп, елді өніммен қамтып отыр деп айтуға келіңкіремейді. Жылыжайлар салынып жатқанымен, дамытатын тұстары көп. Бұл ретте аймағымызда осындай іргелі жобалар іске асырылып жатқаны көңіл қуантады, – деді Мұрат Бақтиярұлы.

Сенаторлар бұған дейін облыс аудандарында болып, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы «Төртінші өнекәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасынан туындайтын тапсырмалар, еліміздегі атқарылып жатқан жұмыстар және еліміздің әлеуметтік экономикалық өрлеуін көздейтін стратегиялық бағдарламаларды іске асырудың заңнамалық негіздері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізген.