Түркістан
облысына ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшелері келді.
Сенаторлар Түркістан облысы әкімдігінің мәжіліс залында облыстық, аудандық және
қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті. Жиынды облыстық мәслихат хатшысы
Қайрат Балабиев жүргізіп отырды. Ол мәртебелі меймандарға өңірде атқарылып
жатқан жұмыстар, мәслихаттың бастамалары туралы баяндап берді.
Қазақстан
Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесі Төрағасының
орынбасары Бірғаным Әйтімова аталған кеңестің құрамымен, жоспарымен таныстырды.
Түркістандағы құрылыс қарқынын, қаланың сәулетін жоғары бағалады.
«Бүгін
алдарыңызға Сенаторлар кеңесінің бір топ өкілі келіп отыр. Өздеріңізбен
жүздесудегі мақсат – заң шығару саласындағы жаңалықтарды, Президенттің бастамасымен
жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы баяндау. Еркін пікір алмасу.
Сенаторлар кеңесі – бейресми ұйым. Мемлекеттік саясатты жүргізуге жәрдемші
болуды мақсат тұтады. Өңірді аралап көрдік. Түркістан – Астанадан кейінгі
мемлекеттік деңгейде құрылысы жылдам жүргізілген шаһар. Дамыған, сәулетті
қалаға айналыпты. Түркі әлемінің рухани оталығындағы өзгерістер көзге көрініп
тұр. Түркілер төрінде еркін пікір алмасып, тәжірибелі сенаторларға сұрақ қойып,
ұсыныс беруге мүмкіндіктеріңіз бар», – деді. Б.Әйтімова.
Қоғам
қайраткері Қуаныш Сұлтанов мемлекетті дамыту, азаматтық қоғамды дамыту,
мәслихаттардың рөлін арттыру және өзге де мәселелер туралы ой қозғады. Түлеген
Түркістан төрінде ел азаматтарымен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.
Республика күнінің мән-мазмұны, идеологиялық мәселелер туралы да пікірін
білдірді.
Жалпы
жиынға Қуаныш Айтаханов, Светлана Жалмағамбетова, Орынбай Рахманбердиев,
Әлімжан Құртаев және өзге де азаматтар арнайы қатысып, жергілікті
мәслихаттардағы депутаттармен жүздесті.