13 қаң, 2020 сағат 18:26

Сенатор үйлердегі ойын-сауық орындарының жұмысын шектеуді ұсынды

Сенатор Андрей Лукин тұрғын үйлердегі ойын-сауық орындарының жұмыс уақытын сағат 23:00-ге дейін шектеуді ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қабылданған әкімшілік шараларға қарамастан, ойын-сауық орындарындағы тәртіп бұзушылықтар жалғаса береді деп ойлаймын. Өткен жылы статистика бойынша полицияға ойын-сауық орындарындағы оқиғалар бойынша 16 мыңға тарта хабарлама келіп түсті. Яғни бұл жағдайлар дәмханаларда, мейрамханаларда және клубтарда орын алды», - деді А. Лукин елордадағы Полиция департаменті ұжымымен кездесу барысында.

Оның сөзіне қарағанда, жыл сайын тәртіп сақшыларының осындай шақыртуларға баруы артып келеді.

«Сондықтан ойын-сауық орындарының жұмысын заңнамалық тұрғыда шектеуді қарастыру қажеттігі айтылуда. Олар тұрғын үйлерде болса, сағат 23:00-ге дейін, ғимараты бөлек тұрса, түнгі сағат 02:00-ге дейін қызмет етуі ұсынылуда. Яғни уақытын заңмен айқындау қарастырылуда», - деді сенатор.

Осы орайда ол аталған ойын-сауық орындары тарапынан тәртіп бұзушылықтар орын алса, олардың жұмысын шектеу шараларын қабылдау керектігін атап өтті.