Бәріміз де ауылдан шықтық. Тіпті, өзін қалалық санайтын қазақтардың әкесі немесе атасы, түп тегін қазақ келсең, кешегі ауылдың баласы. Қазақ ауылдан кіндігін үзе алмайды өйткені қазақтың жаны – ауыл.
Алайда бүгінгі күнде ауылды қажетті жас мамандармен қамтуда бірқатар шешімін таппаған мәселелер бар.
Бүгін Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Паламент Сенатының отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдаған сенатор Әли Бектаев мыңдаған түлектер арнаулы оқу орындарын бітіріп жатқанымен, ауылшаруашылығының білімді және білікті мамандармен қамтылуы өкінішке қарай, әлі де төмен, қабылданған шаралар мардымсыз екенін айтты.
Экономикадағы қай саланың болмасын дамуы кадрларға, соның ішінде әр бағыт бойынша жұмыс жасайтын мамандарға тікелей байланысты екенін ескерткен сенатор аграрлық сектордың қарқынды дамуы да сала мамандарының қолында екендігін айта келіп, Үкімет Басшысының төмендегі мәселелерге назар аударуын талап етті.
- Бүгінгі таңда ауылдағы мамандардың орта жасы 50-ден асқан, ал ветеринарлар бойынша 58-60 жасты құрайды. Аграрлық секторда 2500-ден астам маман жетіспейді. Жыл сайын оқу бітірген 5000-ға жуық түлектің басым көпшілігі ауылға бармай, өз мамандығына сай келмейтін түрлі жұмыстарда жүр, болмаса - жұмыссыз. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, аграрлық мамандықтар бойынша бітірген түлектердің тек 68% ғана жұмысқа орналасады екен, яғни жыл сайын мемлекет есебінен оқытылған 670-тен астам түлектер жұмыссыз қалады.
Ауылшаруашылығы мамандықтарын жастардың көпшілігі әйтеуір бір диплом алу үшін таңдайтын сияқты.
Сараптамалар көрсеткендей, аграрлық жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің 40%-ға жуығы қалалықтар, ал 70%-дан астамы қыз-балалар. Қала балалары мен қыздардың мәртебесін төмендеткіміз келмейді. Бірақ ертең олардың басым бөлігі егіс алқаптарында жүріп, егін егуге, қорада жүріп мал баптауға бармайтыны айдан анық.
Оның үстіне ауылдағы мамандардың жалақысы мардымсыз, әлеуметтік проблемалары көп. Жас мамандарды ауылда тұрақтандыру мақсатында жасалған “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша аграрлық оқу орындарынан ауылдық жерлерге соңғы үш жылда тек 56 маман ғана жіберген.
Ауылшаруашылығы мамандықтарының гранттарын бөлу де дұрыс жолға қойылмаған. Аграрлық университеттер ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты болғанымен, оларға мемлекеттік тапсырысты ҚР Білім және ғылым министрлігі бөледі. Гранттарды бөлу кезінде мамандарға қажеттілік, оқу орындардың материалдық базасы, педагогтардың біліктілігі ескерілмейді. Мысалы аграрлық мамандықтар бойынша 2018-2019 оқу жылына қарастырылған 2077 мемлекеттік гранттың жартысына жуығы негізінен гуманитарлық, құрылыс, байланыс, техникалық жоғарғы оқу орындарына бөлінген. Олардың арасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де бар.
Жоғарғы оқу орындарының көпшілігі ескі құрылғылар мен технологияларды пайдаланады, ауылшаруашылығы бойынша тәжірибелік алаңдары жоқ, ал оқытушылардың басым бөлігі өндірісте бір күн де жұмыс істемегендер.
Оқу бітірген түлектердің тұрақты жұмысқа орналаса алмауының негізгі себебі де осында жатыр. Мысалы, 2018 жылы С. Баишев атындағы Ақтөбе университетінде аграрлық мамандық бойынша 4-ақ студент бітірген. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген 13 маманның 8-ғана жұмыспен қамтылған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген түлектердің 49%, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті түлектерінің 66%, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті түлектерінің 67%- ы ғана жұмысқа орналасқан.
Мемлекеттік грантты есепсіз бөлудің тағы да бір мысалы ретінде, ауылшаруашылығына бакалавр мамандықтарын дайындауға бар-жоғы 1515 грант бөлінсе, әлеуметтік, мәдени-демалыс жұмыстары, мейрамхана және қонақ үй бизнесі сияқты т.б. қызмет көрсету салаларына 2330 грант бөлінгендігін айтуға болады.
Үлкен мәселелердің бірі - ауыл жастарының әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарына кем тартылуы. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен іске асып жатқан теңдессіз жобалардың бірі “Болашақ” бағдарламасы бойынша 25 жылдың көлемінде 10400–ден астам жастар шетелдегі озық оқу орындарын бітіріп, түрлі салаларда қызмет жасауда. Сөз жоқ - бұл біздің мемлекетіміздің алтын қоры, болашағы және үлкен жетістігі. Бірақ, “Болашақ” бағдарламасы бойынша осыған дейінгі оқытылған барлық стипендианттарының 21%-ы ғана ауыл балалары. Ал ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша 102 түлек қана оқу бітірген, 16 стипендиант қана бүгінгі таңда білім алуда. Аграрлық секторды заманауй технологиялармен, инновациялық жетістіктер арқылы қарқынды дамыту үшін әлемдегі озық білімді меңгерген жастар бұл салада да жұмыс істеуі керек.
Ауылдағы жастардың бір-ақ кемшілігі бар, ол- шет тілін жетік меңгермеуі. Бірақ оның өзін кемшілік деп айтуға болмайды, онда жастардың кінәсы да жоқ. Қайта ауыл жастарының талпынысы, еңбекқорлығы жоғары, отбасына, туған жерге, отанға деген сезімі ерекше, патриотизмі басым. Сондықтан, оларға тілді тереңдетіп үйрету үшін мемлекет тарапынан қосымша шаралар қарастырылуы керек.
Сенат депутаты Әли Бектаев Үкімет Басшысы Б.Сағынтаевқа жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, мынандай ұсыныстарды қарау туралы талап қойды:
Бірінші, аграрлық мамандықтарды мемлекеттік тапсырыс арқылы Қазақстандық жоғарғы оқу орындарына орналастыру, мемлекеттік гранттарды бөлу құқығын ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне беру;Екінші, еліміздегі аграрлық секторға мамандар дайындайтын барлық жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының материалдық базасын, ондағы оқыту құрал-жабдықтарының жағдайын терең сараптамадан өткізіп, заманауй құрылғылармен қамтамасыз ету, ал студенттерді практикамен қамту үшін оқу орындарын ірі агрокомпанияларға бекіту;Үшінші, ауылшаруашылық мамандықтарына ауыл мектептерінің түлектерін көптеп қабылдау мақсатында оларға жеңілдіктер берудің қосымша шараларын қарастыру, ол үшін ауыл балаларына бөлінетін квотаның көлемін 50%-ға дейін жеткізу;Төртінші, мемлекеттік грант есебінен аграрлық жоғарғы оқу орындарын бітірген түлектерге ауылшаруашылығы кәсіпорындарында кем дегенде үш жыл үздіксіз қызмет етуді заң жүзінде міндеттеу, оған “Дипломмен ауылға” бағдарламасының мүмкіндіктерін бағыттау және аграрлық кәсіпорындарда жас мамандар үшін жұмыс орындарының квотасын белгілеу; Бесінші, “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелдегі және Қазақстандағы алдыңғы қатарлы оқу орындарына іріктеу барысында ауыл жастарына қосымша квоталар бөлу, бір жыл көлемінде шет тілдерін тереңдетіп оқыту үшін мемлекет есебінен дайындық курстарын ашу, оларды жатақорынмен, тамақпен, жолақымен қамтамасыз етудің қосымша шараларын қарастыру қажет.
Сөз соңында сенатор Ә.Бектаев аталған шаралар жүзеге асып жатса, Елбасы жариялаған Жастар жылындағы ауыл жастарына жасалған қомақты қамқорлық болатынын атап өтті.
Шындығында, Қазақстанның әлемді ауызына қаратқан аграрлық елге айналып, ауылшаруашылық өнімдерін алыс, жақын шетелдерге шығаруға үлкен мүмкіндіктері бар. Бұл үшін ауылды лайықты мамандармен, техникамен, технологиямен қамтуды, оларға барлық жағдайды туғызуды кешіктірмей қолға алуға тиіспіз. Олай болмағанда урбанизация одан әрі жалғасып, ауыл жастарының қалаға ағылуы, соның кесірінен ауыл экономикасы мен мәдениетінің құлдырауы орын алуы мүмкін.
Әділбек Қаба