Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Жұмағазиев билет тапшылығын ушықтырып отырғандарға тиісті шара қолдануды сұрады. Осы орайда ол ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ақтөбе мен елорданы байланыстыратын «Нұр-Сұлтан – Ақтөбе», «Ақтөбе – Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша тікелей қатынайтын пойыз бағдары 2018 жылдан бері алынып тасталған. Осының салдарынан жоғарыда қабылданған шешім елордаға қатынайтын азаматтардың, оның ішінде студенттердің де наразылығын туғызып отыр. Оларды түсінуге болады, себептері жоқ емес. Енді Ақтөбе қаласына жету үшін ыңғайсыз уақытпен жүретін «Нұр-Сұлтан – Орал» пойызына отыруы тиіс. Ал осы бағдар бойынша билет алуға кем дегенде 1,5 миллионға жуық екі облыстың тұрғындары бәсекеге түседі. Бұл ретте билеттің тапшы болатыны күмән туғызбайды. Жаз шығысымен және мерекелер қарсаңында билеттер жоқ болып кетеді. Бағыңыз жанып, таба қалған жағдайда бағасынан шашыңыз тік тұрады», - деді сенатор.
Осы орайда Мұхтар Жұмағазиев жеке кассалармен сыбайласқан делдалдардың кінәсінен жұртшылық билет таппай вокзалда сандалып немесе теміржол кассаларын аңдумен әлек болатынын атап өтті.
«Құны 6-12 мың тұратын билет еселеніп, 58 мың теңгеге сатылып жатқаны бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын. Бұл мәселе алғаш рет көтеріліп тұрған жоқ. Өңірдегі халықтың жанайқайын жеткізу мақсатында облыс басшылығы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасына бір емес, екі рет хат жолдаған және Парламент қабырғасында да бұл мәселе талқыланған. Алайда бұл күрделі сұрақтың оң шешімі әлі табылған жоқ. Теміржол тасымалындағы тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу үшін қабылданған жол картасы өз жұмысын қашан бастайды, нақты нәтижесін қашан көреміз? Билет тапшылығының ушығуына өз ықпалын тигізіп жүргендерге қатаң шара қашан қолданылады?», - делінген депутаттық сауалда.
Оның пайымынша, «Ақтөбе - Нұр-Сұлтан» бағытымен жолаушылар тасымалын қайта қалпына келтіру - облыстың одан әрі даму перспективасына жаңа серпін беріп, өңір тұрғындарының өтініш-тілектерін қанағаттандырар еді.