11 мау, 2021 сағат 12:15

Сенатор азық-түлік өнімдерінде импортқа тәуелділікке қатысты пікір білдірді


Ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған міндеттердің орындалу көрсеткіштері жүйелі шаралар қабылдауды талап етеді. Бұл туралы сенатор Дүйсенғазы Мусин мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Саланың маңыздылығы әлемде азық-түлікке деген сұраныстың өсуіне және пандемияға байланысты экономиканың дағдарысы аясында артуда. Қаралып отырған Мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу кезеңінде агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын заңнамалық қамтамасыз ету, оны мемлекеттік реттеу мәселелері Сенат депутаттарының тарапынан түрлі іс-шаралар аясында қамтылып, қолдау тапты. Өздеріңізге мәлім, «Агробизнес - 2017» бағдарламасы мен су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламаларын интеграциялау негізінде әзірленген бұл құжат бір рет өзектендіріліп, үш рет өзгеріс енгізілді. Оның орындалу барысына жасалған талдау нәтижелері алда атқарылатын шараларды айқындау үшін маңызды», - деді Д. Мусин Сенаттағы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру тақырыбындағы Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, көзделген мақсаттарға жетуде айтарлықтай кемшіліктер байқалды. 

«Ауыл шаруашылығы министрінің баяндамасында саланың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің оң өсу үрдісі қамтамасыз етілгені айтылды. Бағдарлама ауқымында қойылған міндеттерді іске асыруға өткен 4 жылда 2 трлн 494 млрд теңге қарастырылып, іс жүзінде 66 пайызға ғана қаржыландырылғанмен, қайта өңдеу өнімдерінің экспорты - 1,5 есе, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі - 1,7 есе өсіп, 6,3 трлн теңгені құраған. Алайда, көзделген мақсаттарға, міндеттер мен нәтижелерге жетуде айтарлықтай кемшіліктер баршылық», - деді депутат. 

Оның пайымынша, саланың экономикалық өсуі мен ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған міндеттердің орындалу көрсеткіштері жүйелі шаралар қабылдауды талап етеді. Бұл қажеттілік Есеп Комитетінің аудиторлық қорытындыларында да атап өтілген. 

«Қабылданған шараларға қарамастан, ауыл шаруашылығы саласының үлесі жалпы ішкі өнімнің 5-5,5 пайызын ғана құрап, бірқатар азық-түлік өнімдері бойынша импортқа тәуелділік сақталуда, оның көлемі өткен жылы 4 млрд АҚШ долларынан асқан. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдері мен өңделген өнімді өткізу проблемаларын реттеу, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында сауда-логистика инфрақұрылымын дамыту, көтерме-тарату орталықтарының желісін құру туралы Бағдарламада жоспарланған міндеттер нақты шешімін таппады. Осыған орай, қолға алынып жатқан 24 көтерме-тарату орталығын құру, ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен толықтыру арқылы импортты қысқарту шаралары - өте өзекті. Бұл ретте, қазіргі жағдай көрсеткендей, еліміз үшін импорттан тәуелсіздік қаншама маңызды екені айқындалды. Аталған кемшіліктер ел халқының 41 пайызы тұрып жатқан ауылдың ахуалын, саланың бәсекеге қабілеттілігінің деңгейін көрсетіп, аграрлық секторда жүйелі проблемалардың сақталуын айғақтайды», - деді сенатор.