Ауылдық жердегі орта білім беру сапасының төмендігінен балалар мемлекеттік гранттар алуға қауқарсыз. Бұл туралы Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ауылдық аймақтардағы білім беру нысандарына қажеттілік 312-ге жетті, 32 мектеп - апатты жағдайда, 86-сы - үш ауысымды. Мұнда 2 240 педагог жетіспейді, бұл еліміздегі жалпы қажеттіліктің 75 пайызын құрайды. Әсіресе, ауыл мектептеріндегі білім беру мәселелері қатты алаңдатады. PISA нәтижелеріне сүйенсек, қала мен ауыл арасындағы білім сапасында 22-ден 37 балға дейінгі алшақтық бар. Ұлттық бірыңғай тест нәтижелері бойынша, ауыл мектептерінің түлектері қалалық оқушыларынан орта есеппен 5-6 баллға артта қалып отыр. Сондықтан да ауылдық жердегі орта білім беру сапасының төмендігінен көптеген дарынды балалар жоғары оқу орындарына мемлекеттік гранттар алуға ие бола алмайды», - деді депутат Сенаттағы ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі парламенттік тыңдауда.
Оның айтуынша, ауылдарда 550 мәдени нысан, спорт залы қажет, 150-ге жуық кітапхана жетіспейді. Ауылдың мәдени-спорттық инфрақұрылымын дамыту көрсеткіштері әкімдерді бағалау критериясына да кірмейді.
«Білім беру гранттарындағы ауылдық квотаны 30 пайыздан кем дегенде 50 пайызға дейін көбейту керек. Сонымен қатар, басқа елдердегідей, агроқұрылымдардың студенттерді университеттерде оқытуға жұмсаған қаражат шығындарын субсидиялау өте маңызды», - деді А. Күрішбаев.