Трактор паркінің 80 пайызының, комбайн паркінің 76 пайызының қолдану мерзімі 10 жылдан асып кетті. Бұл туралы Сенатта ауыл шаруашылығы техникасы тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында депутат Мұхтар Жұмағазиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда өндірушілердің күш-жігері мен шығарылымының өсуіне қарамастан, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру саласын дамыту мәселесі жан-жақты зерттеуді талап етеді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасын дамыту барысында жиі кездесетін өзекті мәселелер: қолданыстағы техниканың ескіруі, кәдеге жарату, инвестициялық және сыйақы ставкасын субсидиялау, техниканы лизингке беру, ел аумағында техника жасап шығаратын мекемелердің тапшылығы, сондай-ақ бүгінде валюта нарығының тұрақсыздығына байланысты импорттық техниканың 1-1,5 есеге қымбаттауы», - деді М. Жұмағазиев.
Оның айтуынша, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша трактор паркінің - 80 пайызы, комбайн паркінің - 76 пайызының қолдану мерзімі 10 жылдан асып кеткен.
Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу мерзімінің созылуына әкеп соғады.
«Бұл жағдай өнімнің азаюы, қосымша еңбекақы төлеу мен басқа да шығындарға мәжбүрлейді», - деді сенатор.