11 қар, 2021 сағат 14:00

Сенатор «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында апат көбейіп бара жатқанын ескертті


Сенатор Сергей Ершов еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы өзекті мәселелерді жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенатор еліміздің өнеркәсіп кәсіпорындарында апат туындау қаупінің деңгейі бұрынғысынша жоғары екенін айтты. 7 қарашада «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының «Абай» шахтасында апат болып, 6 кенші қаза тапты, екеуі зардап шекті. 

Депутат айтқан ақпарат бойынша соңғы 10 жылда «АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық компаниясының барлық бөлімшелерінде апат саны көбейіп барады. Осы уақыт ішінде компанияның көмір шахталарында 23 апат болды, одан 41 адам зардап шекті, оның 19-ы қаза болды. Бұл 2006 және 2008 жылдардағы екі ірі апатты есептемегендегі жағдай, онда 71 шахтер қаза тапқан болатын. 

Сергей Ершов өнеркәсіптегі қауіпсіздіктің жай-күйін жақсарту үшін қазіргі кезде осы кәсіпорында да, бүкіл мемлекет ауқымында да үкіметтік деңгейде шаралар қабылдау маңызды деп санайды.

Сенатор сондай-ақ компанияда инвестициялық міндеттемелердің орындалмауы, қызметкерлердің тиісті әлеуметтік кепілдіктерінің болмауы, жабдықтарды жаңғыртудың толық қаржыландырылмауы, білікті кадрлардың кетуі, сондай-ақ зиянды заттар шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелердің орындалмауға қатысты бірқатар өзекті мәселелер бар екенін атап өтті.

«Үкіметті қабылданған міндеттемелерді мүлтіксіз сақтауға және апат пен өлімге душар ететін жарақаттану санының өсе түсуіне ықпал ететін жағдайды болдырмауға шақыра отырып, өздерінің жеке отырысында саланың жағдайын және «Арселордың» жай-күйін қарауды сұраймыз. Қауіпті өндіріс объектілерінде өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нақты және жүйелі шаралар, сондай-ақ қызметкерлердің әлеуметтік ахуалы мен өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде Арселормен инвестициялық келісімді қайта қарау туралы шаралар ұсынатын болсын», - деді Сергей Ершов өз сауалында.

Депутат осы мәселелерді қарау барысында кәсіпорындардың өндірістік және экономикалық басымдықтарынан азаматтардың қауіпсіздігі негізгі қағидатқа әрі басымдыққа айналуы тиіс екенін атап өтті. Ал қауіпті өндіріс объектілері қызметінің барлық салалары мен барлық кезеңдерінде өнеркәсіп қауіпсіздігінің талаптары ең басты, жалпыға бірдей және бөлінбес бөлшегі болып белгіленуі тиіс.