Балаларды кибербуллингтен қорғау туралы заң жобасына қатысты қоғам мен халықаралық ұйымдар өкілдерінен 26-дан астам ұсыныс түскен. Бұл туралы Сенат депутаты Бейбіт Исабаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің комитеттің мүшесі Динара Нөкетаева жұмыс тобымен бірге заң жобасын қарау барысында қоғам мен халықаралық ұйымдар өкілдерінен 26-дан астам ұсыныс түскенін айтты. Бұл түзетулердің барлығы қоғамның, азаматтық сектордың талаптарына тікелей байланысты. Біз олардың пікірін ескердік», - деді Бейбіт Исабаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.
Депутаттың айтуынша, қоғам тарапынан түрлі реакция тудырған нормалардың барлығы алынып тасталды.
Сонымен бірге, сенатор Қазақстанның мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасау үшін интернет-ресурстардың ресми өкілінің болуы туралы норманы түсіндірді.
«Ресми өкілдерін анықтау үшін Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан баспагерлермен, заманауи интернет-ресурстардың иелерімен келісім жасау туралы тармақ бар. Бірақ бұл ресми өкілдердің Қазақстан аумағында болуы міндетті емес. Ең бастысы, ресми өкіл тәуліктің кез келген уақытында Қазақстанның қолданыстағы заңнамасын сақтау мәселелері, оның ішінде балаларға қатысты кибербуллинг мәселелері бойынша Қазақстанның уәкілетті органымен өзара іс-қимыл жасауы тиіс», - деді депутат.
Еске сала кетсек, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Құжатқа түзетулер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.