27 мам, 2021 сағат 11:37

Сенат ЕАЭО аясында шығындарды азайтуға арналған құжатты қабылдады


Парламент сенатының жалпы отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған хаттамаға 2019 жылғы 1 қазанда Ереван қаласында мемлекет басшылары қол қойған болатын. Хаттамамен Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың №5 және №8 қосымшаларына өзгерістер енгізілді. 

«Шарт 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді, ал Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі екі жылдан кейін, яғни 2017 жылы қабылданды. Кеден кодексінің нормаларына сәйкес аванстық төлемдер институтын енгізу көзделген. Осыған байланысты Шартқа тиісті түзетулер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Алдағы төленетін кедендік төлемдер мен салықтар, өсімпұлдар мен пайыздар есебіне енгізілген ақша аванстық төлем деп танылады. Қазіргі уақытта кедендік тазарту кезінде бірнеше кедендік төлемдер мен салықтардың түрі бар», - деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, осы Хаттаманы ратификациялау сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға уақытын үнемдеп, шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. 

Атап айтқанда:

- біріншіден, кедендік декларациялау үшін кедендік алымды, кедендік бажды, қосылған құн салығын, акцизді, арнайы, демпингке қарсы және өтемақы бажын төлеу үшін бірнеше төлем тапсырмаларын пайдалану қажеттілігіне байланысты шығындарды барынша азайтуға мүмкіндік береді;

- екіншіден, қолда бар аванстық төлемдерді кедендік баждарды төлеу жөніндегі міндеттерді орындауға пайдалануға болады;

- үшіншіден, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар осы төлемдерді пайда болған берешекті өтеуге жұмсай алады;

- төртіншіден, бюджеттік сыныптама кодының әрбір түрі бойынша ақша қаражатының қалдықтарын жеке-жеке қадағалау қажеттілігі жойылады.

«Кеден органы аванстық төлемдерді енгізген тұлғаның өтініші бойынша оған аванстық төлемдер ретінде енгізілген ақша қаражатының жұмсалуы туралы есеп береді. Аталған Хаттаманы ратификациялау біздің еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды және республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді», - деді министр.