Сурет ашық дереккөзден алынды
Бүгін 2023 жылдың 14 қаңтарында өтетін Сенат депутаттарының кезекті сайлауы бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды ОСК баспасөз қызметі.
Онда мынадай мәселелер қаралды:
1. "Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну қорытындылары туралы";
2. "Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттардың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшерін белгілеу туралы".
"Бірінші мәселе бойынша облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары өңірлер бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну қорытындылары туралы баяндады.
Ортсайлауком төрағасының міндетін атқарушы Константин Петров биыл 29 қарашадан 14 желтоқсанға дейін Республика бойынша жоғарғы палатаның 20 орнына 130 кандидат ұсынылғанын атап өтті. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, 2020 жылы Сенаттың кезекті сайлауына 94 кандидат, 2017 жылы – 89 кандидат, 2014 жылы – 88, 2011 жылы 96 кандидат ұсынылған болатын. Осылайша, кандидаттардың бәсекелестік үрдісі сақталып отыр. Орташа есеппен бір мандатқа 6 адамнан аса үміткерден келеді" - делінген хабарламада.
Өңірлер арасында ең көп кандидат Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында – 8, Алматы мен Астана қалаларында – 10 адамнан ұсынылған. Ең азы – 5 үміткерден Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және 6 үміткер Шымкент қаласында ұсынылған.
Кандидаттар арасында 97,7 пайыз (127) өзін-өзі ұсынушылар, ал 2,3 пайызын (3) мәслихаттар ұсынған. Үміткерлердің орташа жасы 50,5-ті құрап отыр. Ең жас үміткер – 30 жаста, үміткерлер арасындағы ең ересегі – 74 жаста.
Ұсынылған үміткерлердің ішінде 33 әйел бар. Ал өткен сайлауда, яғни 2020 жылы – 19, 2017 жылы – 13, 2014 – 5 әйел үміткер болған.
Мамандықтары бойынша атап өтер болсақ: 22 инженер, 21 экономист, 21 педагог, 18 заңгер, 15 аграрлық сала қызметкері, 5 дәрігер, 2 журналист, 3 саясаттанушы және 23 басқа мамандық иелері.
"Кандидаттар арасында 36 коммерциялық құрылымдардың қызметкері; 27 мемлекеттік ұйымдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкері; 48 мемлекеттік қызметші, 9 қоғамдық ұйымдардың өкілдері, 2 зейнеткер және 3 жұмыссыз үміткер бар.
Қазіргі уақытта Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу процесі жүріп жатыр, ол 24 желтоқсанға дейін жалғасады. Бүгінгі күні сайлау комиссиялары 49 кандидат тіркеді" - делінген хабарламада.
Сөз соңында Константин Петров Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындылары Орталық сайлау комиссиясының жеке отырысында қаралатынын атап өтті.