
2020 жылы 12 тамызға тағайындалған ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауында халықаралық байқаушылар болады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстанның халықаралық міндеттемелері, басқа елдердің сайлау тәжірибесі, сондай-ақ елде тұрақты аккредиттелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен дипломатиялық корпустың болуы сияқты факторларды ескере отырып, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы халықаралық бақылау институтын ашу туралы қаулы қабылдады.
«Өздеріңіз білесіздер, сайлау науқанын өткізу тәжірибесінде шетелдік байқауды ашу туралы шешім Орталық сайлау комиссиясының отырысында қабылданады. Елімізде қатаң карантиндік шаралар енгізілгендіктен, науқан кезінде бұл мәселе Сыртқы істер министрлігімен қосымша пысықталды. Қазақстанның халықаралық міндеттемелері, басқа елдердің сайлау тәжірибесі, сондай-ақ елде тұрақты аккредиттелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен дипломатиялық корпустың болуы сияқты факторларды ескере отырып, тиісті қаулының жобасы Орталық сайлау комиссияның қарауына енгізіліп отыр», - деді ҚР ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова отырыс барасында.
Осы орайда ол қаулының қағидаларына тоқталды. Сайлау туралы Конституциялық Заңға сәйкес, тиісті байқау рәсімі көзделген.
Шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның байқаушысына, сондай-ақ шетелдік БАҚ өкіліне бір аудармашы өзінің жеке басын куәландыратын құжатын көрсеткен кезде ілесіп жүре алады.
Шетелдік БАҚ өкілі ҚР Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлігі болған кезде сайлауда байқауды жүзеге асыра алады.
Белгілі болғандай, шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді жүргізу 2020 жылғы 6 тамызда сағат 18:00-де аяқталады.
ОСК отырысы барысында халықаралық бақылау институтын ашу туралы қаулы қабылдады.
