Семей қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Семей қаласының ақпарат орталығына сілтеме жасап.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен салтанатты шараға облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты.
«Спорт кешеніне Жақсылық Үшкемпіровтың есімінің берілуі мені қуантады. Ол спортта аты аңызға айналған тұлға ғана емес, еңбектің шыңына шыққан қайраткер. Әрбір қазақстандық осындай болуы керек. Келесі жылдан бастап Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың жүлдесіне арналған жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол турнир жыл сайын балалар мен жастар арасында өткізіледі», - деді Даниал Ахметов.
Семей - спортшының өмірінде терең із қалдырған қала. Олимпиада чемпионы жас кезінде қарт Семейдегі зооветинститутта оқыған.
Жақсылық Үшкемпіров 1951 жылы 6 мамырда Қазақ КСР Жамбыл облысы Свердлов ауданы «Чапаев» совхозында дүниеге келген. Ол - КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, классикалық күрестен Олимпиада чемпионы, еркін күрестен Қазақ КСР чемпионы, әлем чемпионы (1981), әлем кубогының екінші жүлдегері (1982), Еуропа чемпионатының екінші жүлдегері (1980), КСРО екі дүркін чемпионы (1975, 1980), КСРО чемпионатының күміс жүлдегері (1978, 1979), КСРО чемпионатының қола жүлдегері (1973, 1977) және КСРО халықтарының спартакиадасының чемпионы (1975).