06 ақп, 2020 сағат 12:58

Семейде құрылыс саласының мамандары тапшы - Даниал Ахметов

Семей қаласында көпқабатты тұрғын үй салу қарқынының артуына байланысты құрылыс саласының мамандары жетіспей жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Осыдан төрт жыл бұрын белгілі құрылысшылардың біріне Семейде алдағы уақытта құрылыс мамандары тапшы болатынын ескерткен едім. Міне, сол айтқаным тура келді. Біз қазір салынып жатқан 160 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылыс қарқынын екі есе арттыра аламыз. Бірақ адам жетіспейтіндігі бұған кедергі болып тұр. Осындай тапшылық тек Семейде емес, Шығыс Қазақстанның әр өңірінде байқалады», - деді Даниал Ахметов қоғамдық кеңес алдындағы есебінде.

Осыған орай облыс әкімі білім және құрылыс басқармаларына аймақ бойынша салынып жатқан тұрғын үй көлеміне сәйкес құрылыс мамандарын оқытуды тапсырды.

Даниал Ахметовтың айтуынша, биыл 10 жаңа әлеуметтік нысанның құрылысы басталмақ. Оның ішінде Абай ауданының орталығы - Қарауыл ауылындағы орта мектеп, Глубокое ауданындағы мәдениет үйі, Аягөз ауданы Ақтоғай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру орталығы бар.