14 нау, 2020 сағат 08:52

Семейде карантинге жатқызылған ОАР азаматынан коронавирус табылмады

Тұмауратып ауруханаға жеткізілген ОАР тұрғынынан коронавирус расталған жоқ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жедел жәрдем арқылы инфекциялық стационарға жеткізілген ОАР азаматының тест нәтижелері алынды. COVID 2019 вирусына тапсырылған тест теріс нәтиже көрсеткенін хабарлаймыз», - деді облыстық әкімдікте. 

Әкімдік қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында коронавирус жоқ екенін атап өтті. 

Еске сала кетейік, кеше Семейде 71 жастағы Оңтүстік Африка Республикасының азаматы дене қызуы көтеріліп, тұмауратып ауруханаға жеткізілген болатын. Ол ШҚО-ға техникалық жиналысқа Дубай және Нұр-Сұлтан арқылы транзитпен келген. 

Әрекет ету алгоритміне сәйкес, жедел жәрдем стансасының қызметкерлері пациентті қорғаныш костюмдері арқылы инфекциялық стационарға жатқызған.