13 жел, 2019 сағат 12:50

Семейде домбырашы робот «Жыл таңдауы» атанды

Семейде домбырашы роботтың авторлары «Жыл таңдауы – 2019» байқауында «Жас ғалым» номинациясын жеңіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Марапаттау рәсімі «Жыл таңдауы – 2019» жастар форумы аясында өтті. Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Нұрбол Мақтаев пен Мирас Мұратқанов Семей әкімі Ермақ Сәлімовтің қолынан «Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін» сыйлығын алды.

«Ұстазымыз Бақытбек Орынбаевтың басшылығымен жасалған жобамыздың жеңіс әкелгені үшін қуаныштымыз. Біз бүгін жұмысымыз елеусіз қалмайтынын сездік. Осы шараның ұйымдастырушыларына және осы форумға қатысуға кеңес берген жобаның жетекшісіне алғыс айтамыз», - деді мектеп оқушылары.

Қала әкімі балаларды жеңісімен құттықтап, табыс тіледі.

Еске салайық, Мирас пен Нұрболға домбыраның құлағында еркін ойнайтын роботты құрастыру үшін бір ай уақыт берілген.