Семей қаласында былтыр күзде жоғалып кеткен қыздың денесі Ертіс өзенінен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 17 жастағы қыз осыдан 5 ай бұрын жоғалып кеткен.
Полицияға хабарласқан Семей қаласының тұрғыны далаға серуендеп келу үшін шыққан баласының сол күйі хабар-ошарсыз екендігін жеткізген еді. Оны іздеуге полиция қызметкерлері, әскерилер мен еріктілер жұмылдырылған.
«Кейін анықталғандай, қызды 19 жастағы жігіті өлтіріп, мәйітті Ертіс өзеніне лақтырып жіберген. Ер адам өз кінәсін мойындады. Осыдан соң Мирный кентінің маңындағы өзен бойында марқұмның денесін іздестіру жұмыстары жүргізілді», - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта қыздың денесі табылды. ҚР ҚК-нің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Күдікті қамауға алынған.