25 қаз, 2018 сағат 13:46

Семей зиялылары Құнанбай қажының атына көше беруді сұрап отыр

Семей қаласының бір топ зиялы қауым өкілдері Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының атына көше беру туралы бастама көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бастама аталмыш қорық-музейдің Фейсбуктегі парақшасында жарияланды.

«Қазақтың алыбы да, асқары да - Абай, ұлы ақынның асыл мұрасы да адамзатқа ортақ. 2020 жылы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының туғанына 175 жыл, ұлы ақын музейінің құрылғанына 80 жыл толады. Бұл мерейтой - республика жұртшылығы үшін айтулы оқиға. Абай, Шәкәрім, Мұхтар, сондай-ақ күллі Алаш арыстарының мол мұрасын ертеңге жеткізу - тек Абай қарашаңырағы қызметкерлерінің ғана емес, барша ел игілігін ойлаған азаматтардың парызы», - делінген хабарламада.

«Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің бастамасымен үстіміздегі жылдың 16 қазанында Семей қаласының әкімі Е.Сәлімовке республикаға еңбегі сіңген бір топ қайраткерлер мен абайтанушылар атынан Құнанбай Өскенбайұлына көше беру туралы хат жолданған.

«Абайдың туыстық айналасында әкесі Құнанбай Өскенбайұлының орны ерекше. Заманында туған ұлтының салт-дәстүрін берік ұстанып, ел-жұртына мығым билік құрған аға сұлтан Құнанбай - өз заманының біртуар қайраткері. Адольф Янушкевичтiң «Күнделіктер мен хаттар» кiтабындағы Құнанбайға берілген мiнездеме оның 40 жасқа дейiнгi мiнез-құлқын, iс-әрекетiн, абырой-беделiн танытады: «Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан бiраз үлкен. Бұл да дала өңірінде аты кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі үшін қам жейді. Қазақтарға қатысты россиялық уставтарды бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман». Құнанбайдың өз заманында қандай кесек тұлға болғанын Қазақстанның, Ресейдің Омбы, Санкт-Петербург, Москва қалаларының архивтерiндегi Тобықты елiнiң жай-күйi баяндалатын жазбалар да мәлім етеді», - делінген хабарламада.

Осы айтылған жайларды ескере отырып, зиялы қауым өкілдері қала әкімінен Семейдің көрікті бір көшесіне қазақ халқының Құнанбайдай аяулы перзентінің есімін беруді сұрайды.

«Семей қаласы зиялы қауымы атынан Н.Сембаев, Х.Матаев, А.Еспенбетов, Н.Әпсәләмов, Б.Ерсәлімов, М.Жанболатов, А.Ахметжанов, С.Кошкин, З.Тоқаев, Т.Әбдікәкімов, Б.Жүнісбеков, М.Мұхамедиұлы, А.Омаров және т.б. қол қойды. Семей қалалық әкімдігі өскелең ұрпақты ұлтжандылық рухта тәрбиелеудегі мәні зор игілікті істі бірауыздан қолдай отырып, Абай Құнанбайұлының алдағы 2020 жылы тойланатын 175 жылдығына орай қала тұрғындарына ерекше тарту жасайтынына сенімдіміз», - делінген хабарламада.