Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Семей полигонында әскери борышын өтегендердің түйткілді мәселелері жөнінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің депутаттық сауал жолдауымызға Семей ядролық сынақ полигонының салдарынан зардап шеккен ардагерлердің көптеген өтініші негіз болды. Қазір осы ядролық сынақтан зардап шеккендердің ішінде ауруға шалдыққан азаматтардың саны артуда, олар – әсіресе ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қатерлі онкологиялық, жүрек-қан тамырлары аурулары. Алайда, мемлекет тарапынан осы азаматтарға жеңілдіктер мен жәрдемақылар беру мәселесі бүгінгі күнге дейін оң шешімін таппай отыр», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, мәселе әскери борышын өтеу кезінде Семей полигонындағы ядролық қару сынақтарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтарына, аса қауіпті бөлімше ардагерлеріне қатысты. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Семей ядролық сынақ полигонында әскери қызмет (оның ішінде мерзімді) өткерген 9646 адам бар.
«Ардагерлер туралы» ҚР Заңының 6-бабына сәйкес жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер қатарына ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдар жатады. Бірақ, ядролық сынақтың зардаптарына тікелей ұшыраған сол кездегі әскери борышын өтеуші тұлғалар бұл тізімге жатпайды. Себебі, осы Заңның 9-бабына сәйкес, Ардагерлердің мәртебесi ядролық сынақтарға тiкелей қатысуды растайтын анықтамалардың, әскери билеттердiң және өзге де құжаттардың, жаралану, мүгедектiк туралы анықтамалардың, сот-медициналық қорытындылардың негiзiнде белгіленеді. Алайда, жоғарыда аталған ардагерлердің әскери билеттерінде әскерде болған уақыты мен бөлімше атауы ғана көрсетіледі, ал тікелей ядролық сынаққа қатысқандығы туралы ақпарат берілмейді», - деп түсіндірді Б. Смағұл.
Бұл мәселе бойынша Қорғаныс министрлігі «Азаматтардың аса қауіпті бөлімшелерінің іс-қимылдарына тікелей қатысуы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатының анықтамасымен расталады» деп ресми мәлімдейді.
«Бұл талаптың орындалмайтыны белгілі. Нәтижесінде, ядролық сынақтарға тікелей қатысқан тұлғаларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны алу жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүгінген өтініш берушілер ұзақ жылдар бойы анықтама тапсыру туралы жауаптар алып келеді. Бұл ретте, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi мен Қорғаныс министрлiгiнiң бiрлескен iс-әрекетi арқылы қажеттi мәлiметтер алудың қолайлы механизмдерін әзiрлеуге болар еді. Алайда, уәкілетті органдар жылдар бойы түрлі себептермен мәселені түбегейлі шешуден бас тартуда. Жоғарыда баяндалғанның негізінде, Ералы Лұқпанұлы (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов – ред.) сізден аса қауіпті бөлімшелердің ардагерлеріне қатысты әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру бойынша жедел шаралар қабылдауыңызды сұраймыз», - деп сауал жолдады Мәжіліс депутаты.