28 нау, 2022 сағат 16:19

Семей полигонында әскери борышын өтегендердің қандай түйткілді мәселесі бар?


Асхат Төлепбергенов кезінде Семей ядролық полигоны аумағында әскери міндетін өтеген. Бүгінде 70-ке келген ардагер ядролық аймақта денсаулығын сарп еткен әскерилерге мемлекет жағдай жасап, арнайы мәртебе берсе деген тілегін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен Семей полигонында 1970-1972 жылдары әскери борышымды өтедім. Бүгінде біздің облыста полигон аумағында әскери міндетін өтеген 170 сарбаз бар. Бұл ресми тіркелген сарбаздар, ал нақты саны белгісіз. Себебі 50 жасқа толған соң, бізді әскери тізімнен шығарып тастайды. Біздің өңірдегі 170 адамның 25-і ғана тиісті әлеуметтік төлемді алады. Көмек бәріне бірдей берілсе дейміз, жасымыз болса 70-ке келді, енді қашан көмек аламыз?» - деді СҚО Семей полигоны қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Төлепбергенов. 

Оның айтуынша, Семей полигоны аумағында әскери міндетін өтегендердің дені түрлі ауруға шалдыққан. 

«Бізге жұмысқа орналасу жағы да қиын. Өйткені әркімнің сырқаты әртүрлі, оның үстіне еңбек жасынан асып барамыз. Көбісі Семейде әскерде болғандарды Чернобыль оқиғасымен салыстырып жатады. Чернобыль ол табиғи апат, ал Семейде арнайы түрде 40 жылдай ядролық сынақ жүрді. Бұл екі оқиғаны салыстыруға болмайды. Сондықтан біздің мәселемізге мән беріліп, жағдай жасалса деген талап-тілегіміз бар. Оның ішінде тұрғын үймен қамту, әлеуметтік төлем, оңалту орталықтарына жолдама. Сонымен қатар бізге «ардагер» мәртебесі берілсе деген талап бар», - дейді ол. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай Семей полигонында әскери борышын өтегендер «ардагер» мәртебесін сұрап отыр.