28 нау, 2022 сағат 14:48

Семей полигонында әскери борышын өтегендер «ардагер» мәртебесін сұрап отыр


Кезінде Семей ядролық сынақ полигонында әскери міндетін өтеген қазақстандық сарбаздар, оларға «ардагер» мәртебесін беріп, әлеуметтік жағдай жасауды талап етіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін еліміздің әр өңірінен Семей полигонында әскери міндетін өтеген сарбаздар бас қосып отырмыз. Жиналудағы мақсатымыз – Үкіметке, құзырлы органдарға үнімізді жеткізгіміз келеді. Біз кезінде Семей полигонында әскери міндетін өтеген сарбаздарға «ардагер» арнайы мәртебесін берсе екен дейміз. Біз 2 жыл бойы Семей полигоны аумағында әскери борышымызды өтедік. Тиісті деңгейде көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан қажетті әлеуметтік көмек көрсетілуін талап етеміз. 

Мысалы, Чернобыльда болған мамандарға 2 күн болса да, тиісті деңгейде әлеуметтік төлемдерді өтейді. Ал біз 2 жыл өмірімізді Семей полигонында өткіздік. Бүгінде Семейде әскери борышын өтегендердің алды 70-те, арты 50 жасқа келді», - ҚР Семей ядролық сынақ полигоны ерекше тәуекел етушілер бөлімінің ардагерлері мен мүгедектері бірлестігінің төрағасы Ержан Дүйсенбаев. 

Оның айтуынша, Семей полигонында әскери міндетін өтеген жандар осыған дейін де құзырлы органдарға талап-тілектерін жеткізген. 

«Көбісінің денсаулығы сыр беріп жатыр. Жас келген сайын оңай емес, оңалтуды талап етеді. Әкімдік, министрліктерге хабарласқанымызда арнайы жұмыс тобы бар, мәселені қарастырып жатырмыз деген жауап алдық. Бүгінгі шараға біраз өңірден өкілдер келіп отыр. Қорғаныс, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрлігіне арнайы хат жолдап, бүгінгі жиынға шақырдық. Арнайы мәртеден бөлек, әлеуметтік жағдай жасалса дейміз. Кейбір өңірде арнайы әлеуметтік төлем беріледі, ал кей аймақта мүлдем ештеңе төленбейді. Неге бұлай? Заң ортақ емес пе?», - дейді ол. 

Сондай-ақ, биыл ақпанда Семей полигонында әскерде болған жандар бірігіп республикалық деңгейде бірлестік құрған екен.