Фото: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі
Семей қаласында Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ғалымдар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, депутаттар, жастар бүгін ұлы жазушы, ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қатысты.
Өңір басшысы бұл шараның мақсаты ұлы тұлғаға тағзым ету ғана емес, ел тарихында баға жетпес мұра, өшпес із қалдырған ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттау және есіміне құрмет көрсету екенін атап өтті.
«Заманалар ауысып, дүние дидары күнде өзгерсе де, халқымыздың Абайға деген құрмет сезімі еш кемімейді! Үкіметтің қаулысымен белгіленген осы күн де – соның айғағы. Ақынның мол мұрасы баға жетпес, рухани асыл қазынамыз болып қала береді. Қалың елін, қайран жұртын «жеті қараңғы түнде» адастырмай, «бес дұшпаннан» бой суытып, «бес асыл іске» асықтырған Ұлы Абай – туған халқымен мәңгі жасайды! Себебі – осынау алмағайып заманда, сүйенеріміз де, табынарымыз да – Абай!», – деді облыс басшысы Нұрлан Ұранхаев.
Естеріңіз салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай мұрасы - ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық екендігін атап өткен болатын. Осылайша 10 тамыз Қазақстанда «Абай күні» болып белгіленді.