13 мам, 2022 сағат 15:52

Сегізінші қабаттан құлай жаздаған қыздың анасы оқиғадан кейін ауруханаға түскен


Нұр-Сұлтанда сегізінші қабатта ілініп тұрған үш жасар қыздың оқиғасынан кейін оның анасының жағдайы нашарлап, жедел жәрдем алып кеткен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

Бұл туралы қызды құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаев телеарнаға берген сұхбатында айтқан. Ол қыздың анасымен әлі кездеспегенін айтып, оның себебін түсіндірген.

"Бұл оқиғадан кейін қыздың анасы хабарласты. Алғыс айтты. Оқиғадан кейін жағдайы нашарлап, оны жедел жәрдем алып кеткен екен. Маған ауруханадан хабарласты, бірақ әлі кездескен жоқпыз", - деді Сәбит Шонтақбаев.

Еске салайық, оқиға 11 мамырда Нұр-Сұлтанда болған еді. Екі ер адам жұмысқа бара жатып, терезеде ілініп тұрған үш жасар қызды көрген. Сәбит Шонтақбаев пен Сағи Жылқышиев бірден ішке қарай жүгіріп, көрші үйдің терезесінен баланы қағып алған.