Осы жылдың 8 айы ішінде инвестиция көлемі 598 млрд теңгені құрады, оның ішінде 158 млрд шетелдік инвестиция. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда үш есеге көп, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Сондай-ақ ішкі инвестицияның да үлесі 10,2-ден 26,5 % дейін өсті. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 1 трлн теңге тарту жоспарланып отыр.
«Өткен жылы инвестиция көлемі рекордтық көрсеткішке жетті, яғни 957 млрд теңге. Оның 200 млрд теңгесі – шетелдік инвестиция. Бұл 2016 жылға қарағанда үш-төрт есеге көп көрсеткіш», - деді бюджет, экономика, өнеркәсіп пен кәсіпкерлік мәселесі бойынша Астана қалалық мәслихатының комиссиялық отырысында қалалық инвестиция және кәсіпкерлікті қолдау басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина.
Ал мәслихат депутаты Гайдар Касенов заманауи технология саласындағы жобаларды, өндірістік секторларда қызмет көрсету саласы мен сауда қатарларын дамыту қажеттігін айтып өтті.