Фото: Pixabay.com
Бурабай аудандық сотында 4 курс студентіне қатысты өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу ісі қаралып жатыр. 11 айыпталушыға қатысты сот жабық түрде өтеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz порталы Ақмола облыстық сотының сайтына сілтеме жасап.
Бурабай аудандық сотының төрағасы Әсел Әбімұратова БАҚ өкілдеріне бопсалау, бұзақылық және кәмелетке толмаған баланы өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу бойынша айып тағылып отырған 11 сотталушыға қатысты атышулы қылмыстық іс бойынша брифинг өткізді.
Сот төрағасы сотталушыларға қандай айып тағылғанын, іс бойынша сот отырыстары қалай өтетінін, сот отырысы барысында кәмелетке толмаған процеске қатысушылардың құқығы мен мүддесі қалай қорғалатынын түсіндірді.
"ҚІЖК-нің 29-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы істер бойынша, сондай-ақ жәбірленушінің, куәның немесе іске қатысатын басқа да адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің немесе жақын туыстарының қауіпсіздік мүдделері талап етілген жағдайларда жабық сот талқылауына жол беріледі", - делінген хабарламада.
Сот Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 532-бабы ережелері қылмыстық іс жүргізудің барлық сатыларында кәмелетке толмаған сотталушының құпиялылық құқығын сақтауды көздейтінін атап өтті.
Сөз соңында бұл қылмыстық іс бойынша сот отырыстары жабық есік жағдайында өтетіні айтылды.
"Соттың үкімі жарияланып, көпшілікке түсіндіріледі", - деп қорытындылады сот.
Еске салайық, 6 қазанға қараған түні Щучьедегі теміржол бойында Жоғары техникалық колледждің 4-курс студентінің мәйіті табылған болатын. Роман Бодаговтың денесі Бурабай курорты мен Жамантұз аралығынан табылған.