05 қыр, 2020 сағат 09:48

Сайрам тұрғыны полицейді капотымен сүйреп, басқа машинаны барып соққан

Учаскелік полиция инспекторы өз өмірін қатерге тігіп, жол-қозғалысы ережесін бұзған көлікті тоқтатты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ақсукент ауылы көшелерінің бірінде түнгі патруль кезінде Сайрам АПБ ЖПҚ полиция қызметкерлері күдік туғызған «ВАЗ» автокөлігін байқады. Тәртіп сақшысы жүргізушіге тоқтауды көрсетті, бірақ ол заңды талаптарға бағынбай, жасырынуға тырысты. 

Осы кезде учаскелік инспектор Дәурен Байхарашев тәртіп бұзушының жолын жапты. Алайда, жүргізуші бағынбай, қозғалысын жалғастырып, полицейді соқты. Бірақ Дәурен капотқа секіріп үлгерді.

Тәртіп бұзушы майор Байхарашевты көліктің үстінен түсіруге тырысып, қатты жылдамдықпен ауыл көшелерімен жүреді. Өзінің кәсібилігі мен дене дайындығының арқасында полицей капоттан мықтап ұстап тұра алды. Осы кезде учаскелік инспектордың әріптестері жүргізушінің ізіне түсіп, тәртіп бұзушыны қуа жөнелді. 

Сондай-ақ, оның ұсталуына «Ауди» жүргізушісі көмек көрсетті. Ол өзінің азаматтық борышын орындай отырып, автокөлікті тоқтатуға тырысты. Осыған қарамастан ВАЗ жүргізушісі жылдамдықты төмендетпей ауыл тұрғынының көлігін соқты. 

Содан кейін полиция қызметкерін капотпен сүйрей отырып, Алматы-Термез тасжолына шығып, көрші Қарабұлақ ауылына жетпей автокөлігін тастап, қашып кеткен. Учаскелік полиция инспекторы Дәурен Байхарашевқа алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Сайрам АПБ полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ретінде жергілікті тұрғынды құрықтады. Ол өз кінәсін толық мойындады. 

Бұл жайт ҚР ҚК 380-бабы 2-бөлігі «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта тергеу оқиғаның толық мән-жайын анықтауда.

Өз кезегінде, Сайрам АПБ-ның жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Дәурен Байхарашев қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскеде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызметін жалғастыруда.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады. Жылдамдықты асырмаңыз, маневр жасау ережелерін бұзбаңыз және қарсы қозғалыс жолағына шықпаңыз, сондай-ақ билік өкілдерінің заңды талаптарына бағыныңыз.