02 ақп, 2023 сағат 15:54

Сайлаудан кейін партиялар арасында ақша қалай бөлінеді - министр жауабы

сурет ашық дереккөзден алынды

Премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қазақстандық партиялардың бюджеттен алатын ақшасы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz порталы.

"Жақын арада 2023 жылға арналған бюджетті нақтылау бойынша Парламентке барамыз. Бұл тұрғыда Орталық сайлау комиссиясының деректері аясында осы бюджетті қайта қарап, партиялар арасында бөлеміз. Заң бойынша бұл қаражатты Парламентке фракция болып енген партиялар алады", - деді Ерұлан Жамаубаев.

Осы орайда министр жинаған дауыс санына қарай тиісті әдістеме бар екенін және осы дауыстар бойынша қаржыландыру жүргізілетінін айтты.

"Мәселен, 2022 жылы шамамен 8,5 миллиард теңге қарастырылған еді. Оның басым бөлігі Amanat партиясына, 1 миллиард теңгеге жуығы "Ақ жолға", сондай-ақ 800 миллион теңге Қазақстан халық партиясына бөлінді", - деді Жамаубаев.

Парламентте көбірек дауыс жинаған партияға биыл да көбірек ақша бөліне ме деген сұраққа министр: "Иә, дұрыс. Бұл дауыс санына байланысты", - деп жауап берді.