11 сәу, 2018 сағат 15:31

Саят Ыбыраев бостандыққа шықты

Бүгін ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ыбыраев мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Бұл туралы оның адвокаты Абзал Құспан хабарлады.

«Осы жылдың 15 ақпанындағы Семей қалалық сотының шешімі бұзылып, бүгін Шығыс Қазақстан облыстық сотының аппеляция алқасының қаулысымен Саят Ыбыраев мерзімінен бұрын босатылды. Сот шешіміне шыққан күннен бастап күшіне енеді, сондықтан ағаны бүгін-ертең шығарып, Алматыға алып кетеміз», — деді Абзал Құспан.

Айта кетсек, Саят Ыбыраев 2011 жылы «экстремизм» бабы бойынша 12 жылға сотталған болатын. Жақында ғана қазақтың бір топ зиялы қауым өкілі Саят Ыбыраевты мерзімінен бұрын босату үшін ҚР жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа ашық хат жазған-ды.