04 қаң, 2024 сағат 21:56

«Саяси жүйені демократияландыру және либерализациялау мемлекеттік төңкерістің ықтимал жаңа әрекеттерінің алдын алады»: сарапшылар «Қаңтар» туралы қандай қорытынды жасады


Қасіретті Қаңтар оқиғасынан бері тура екі жыл өтті. Қаңтар Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірге жол ашқан бетбұрыстың белесі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында "Қасіретті Қаңтар" оқиғасы туралы егжей-тегжейлі айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" SkifNews-қа сілтеме жасап.

Президенттің сөзінше, қасі­ретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-эко­но­­микалық проблемалар, жалпы тоқы­раудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды.

Мен 2019 жылы президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз сая­си жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсы­нысыммен арнайы құрылған Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің отырыс­тарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды. Ашығын айтсам, осы жаңа бағдары­мыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады, – дейді Тоқаев сұхбатында.

Саясаткер Самат Нұртазаның айтуынша Президенттің сол кезде қабылдаған шешімдері батыл болып, ол мемлекет басшысы ретінде өз міндетін орындады.

Конституция бойынша Президентіміз қауіпсіздіктің кепілі ғой, сондықтан ол кісінің міндеті өз халқын қорғау. Қаңтардың басында бізге қиын-қыстау заман туғанда Президентіміз кейбір елдердің басшылары сияқты қашып кетпей, өз қара басын ойламай, өзінің беделін, биографиясын деуге болады, бәйгеге салып елімізді қорғады. Батыл шешімдер қабылдады. Мүмкін, батыстың сарапшылары, кейбір мемлекеттер ҰҚШҰ құрамындағы мемлекеттерден көмек сұрауды әлі күнге дейін түсінбей отыр. Бұл жерде Қазақстан өзінің достарын көмекке шақырды деп есептеуге болады. Мен оған кәміл сенемін. Себебі, адам өзі қиналғанда достарын шақырады ғой, сол сияқты мемлекетте қиналған тұста достарын шақырды. Достары келді, көмектесті, қорғады, қайтадан елдеріне кетті. Кейбір адамдардың қорқынышы болды ғой, «олар қалып қояды, шықпайды» деген. Олай емес. Әккі дипломат ретінде, кәсіпқой саясаткер ретінде Президентіміз оларды әкеле де білді, шығара да білді. Сондықтан, бұл жерде таза логикамен сөйлеу керек деп есептеймін.

Қаңтар айында, әсіресе, Алматы қаласының халқы зардап шекті. Сондай кезде Мемлекет басшысы жағдайды өз қолына алып, сенімсіз адамдарды лауазымынан айырып, сенімді адамдардың өкілеттігін кеңейтті. Жалпы мәселені шешті деп есептеймін. Осындай қиын-қыстау заманда бір қателік кетіп, Алматы қаласы немесе жақын қалалар терроршыларға, қылмыскерлерге өтіп кеткенде не болар еді? Оны елестетудің өзі қорқынышты. Осы қаңтар қасіретінен кейін бізде бейбіт өмірдің, ашық аспанның қадірін түсіндік. Бұрын ауызбен айтып қана қойсақ, бүгінде жүрекпен түсіндік. Жанып жатқан ғимаратты, көлікті көрдік. Мерт болған бейбіт халықты көрдік. Оққа ұшқан полиция қызметкерлерін көрдік. Сондықтан да, осының бәрі үлкен сабақ болады. «Қанды сабақ» болады деуге негіз бар. Біздің және болашақ ұқпақтың міндеті осы «қанды қаңтардан» сабақ алып, оның қайталанбауына атсалысуымыз керек. Тыныштықтың керемет сый екенін түсініп жатырмыз, - деді сарапшы.