14 нау, 2022 сағат 18:31

Савердин Имиров: Қаңтар оқиғасы Ұлттық ұланның шұғыл міндеттерді орындауға дайын екенін көрсетті


Ұлттық ұлан әскери кеңесінің хатшысы Савердин Имиров Мәжілістің жалпы отырысында қаңтар оқиғасының мән-жайы талқылануына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында күш құрылымдары басшыларының есептері тыңдалды. Президенттің кезекті Жолдауының қарсаңында осындай шараның болғаны өте маңызды деп ойлаймын. Қоғам да қаңтар оқиғасына байланысты көкейіндегі сұрақтардың кейбіріне жауап алды. Ұлттық ұланға келсек, тәуелсіздік алған кезден бері қоғамдық қауіпсіздікті күзетіп келеміз. 30 жылдың ішінде Ұлттық ұланның жеке құрамына халық тарапынан, қоғам тарапынан, мемлекет тарапынан ешқандай шағым айтылып көрген жоқ. Ішкі істер органдарымен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін әскери ведомство болғандықтан, қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде бірінші болып оқиға орнына бардық», - дейді Савердин Имиров. 

Сондай-ақ, ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық ұланның қабілетін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар бергенін еске салды.

«Ұлттық ұланның жеке құрамы әрдайым аяқ астынан пайда болатын шұғыл міндеттерді орындауға дайын екенін қаңтар оқиғасы тағы көрсетті. Бұған дейін Қордай оқиғасы кезінде де, басқа өңірлерде де елдің тыныштығын қорғау, аухалды тұрақтандыру үшін сенімді қызмет еткен болатынбыз. Бұл жолы әсіресе Алматы қаласында Ұлттық ұланның жеке құрамы ішкі істер органдарымен бірге міндетін мүлтіксіз орындап, сеніп тапсырылған нысандардың қорғап қалды, бір де бір нысанды тастап кеткен жоқ. Бүгінде үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Президент Ұлттық ұланды сандық, сапалық тұрғыдан нығайту керектігін айтқанын білесіздер. Ол Ұлттық ұланның әрекетіне жоғары баға беріп, мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігін қорғауға қабілетті орган екенін айтты», - дейді Ұлттық ұлан әскери кеңесінің хатшысы. 

Оның пайымынша ел басшылығының сол кезде ұтымды шешім қабылдауы тұрақтылықтың жылдам қалпына келуіне әсер еткен.

«Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасы кезінде өте нақты, батыл шаралар қабылдай білді. Соның арқасында тұрақтылық қалпына келді. Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында Бас прокурор да, Ішкі істер министрі де, Қорғаныс министрі де деструктивті күштердің ұйымдасқан түрде әрекет еткенін растады. Біздің «Ұлттық ұлан – біртұтастас жауынгерлер жанұясы. Артымызда халық, артымызда еліміз» деген ұранымыз бар. Қаңтар оқиғасы кезінде осы ұранға сай әрекет еттік», - деді Савердин Имиров.