26 ақп, 2017 сағат 11:44

Сауытын тілдің сөккенбіз...

Тіл туралы әңгімелер қазақ баспасөзінде жуық арада толастай қоймайтыны анық байқалады. Жиырма бес жыл бұрын басталған гәп әлі күнге созылып келеді, әлі де жалғаса бермек. Оған кінәлі – өзіміз.

Бірінші мәселе – қазақ жанын ұғу жайында

Ширек ғасырда біртілді ұлт қалыптастыра алмағанымыздың белгісі осы күні анық байқалып жатыр. Фейсбук деген бір әлем бар: ұл да, құл да, хан да, қара да осында. Бұл әлеуметтік желіні аузына келгенін айту, ішіндегісін ақтарып қалу, Абайша айтқанда, «өзінде бармен көзге ұру» құралы ретінде көретіндер тіпті көп. Жақында сондай даудың бірінде ұлты қазақ бір азамат төлқұжатқа өзін «қазақстандық» деп жазуға бел буып отырғанын айтып қалды. Жасы қырықтан асқан, өмір көрген, алып-ұшпа мінезден ада, былай қарасаң, жап-жақсы жігіт. Бірақ қазақша білмейді. Білуді қажет деп ұқпайды. Қазақтілді азаматтардың айтқан уәжіне, тіпті кей сәтте намысына ши жүгірткеніне де мыңқ еткен жоқ, теріс баққан күйден оңалмады. Бұл – бір.
Соңғы жылдары орыстілді режиссерлер қазақы фильмдер тү­сі­руге әрекеттеніп жүр. Арасында кә­сіпқойы да бар, кездейсоғы да бар, әйтеуір, сондай азаматтар ауыл­дың аңғал қазағын қосса нағыз ұлттық кино шығады деп ойлайтын болса керек, қойыртпақтан қойырт­пақ тудырып әуре. Нұртас Адамбайдың «Келинка Сабинасы» анау болды. Жақында «Glamұr для дур» деген тағы бір нәрсе шықты. Ешқайсысында қазақтың жаны жоқ. Долбармен ұра берген. Тілі басқаша шыққан қазақтарға салсаңыз, ең аңқау, олақ, салақ, ашықауыз, боқауыз, сыйластық пен әдептен жұрдай жандардың бәрі ауылда тұрады. «Сәбина келін» ауылға барады да, кешіріңіздер, «мал кейпіндегі» атасы мен енесін, сосын бүкіл ауылды «заманауи әдептерге» үйрете бастайды. Ал екінші фильмде «glamұr-ыңыз» – ауылдың қызы. Қала гламурына машықтандыру керек. Фильмнің ұстыны баяғы кеңес кезіндегіден еш өзгермеген: ауылдың қазағын үйретіп, адам ғып шығару керек.

Он жыл бұрын «Қайрат – чемпион» мен «Махаббат тәлкегі» қазақты әжуәлап еді, сол мысқыл мен кекесін әлі жалғасып келеді.

Себебін тапқандаймыз. Осы­ның бәрі – қазақтың жанын түсінбеуден. Қазақша сөйлемеуден. Қазақша сөйлей алмайтын адам қазақша ойлай алмайды. Демек, танымы басқа. Кеңестің тәрбиесі әбден санасына сіңген қала ұрпағы өзінің балаларын да сол жүйемен тәрбиелепті. Яғни, орысша білесің бе – сен ауыл қазағына ақыл мен өмір сүру жолын үйретуге құқы­лысың. Ауыл – мәмбет! Шіркін-ай, сол фильмдерді түсірген және соған түскен адамдар қазақша сөйлей алса ғой: мүдірмей, орыс тілінің акцентіне салмай, ең бас­­тысы, бірінші орысша ойлап алып барып, қазақшаға қотармай! Сонда олар қазақтың жанын ептеп болса да ұғар еді. Сонда олар өз халқының жүрегі қаншалық кең екенін, Еуразияның ортасындағы алып кеңістікті бекерден-бекер иеленбегенін, осы күні шатқаяқтаса да шаруасын оңалтып келе жатқанын, ең бастысы, ешкімді жау тұтпайтынын, керісінше, тілі мен ділінен жеріген талай ұлының өз ортасына оралуын соңына дейін күтетінін түсінер еді.

Бірақ қағынан жеріген ұл мен қыз оралуға асығар емес. Мейлі, олар оралмаса да, ұрпағы оралады, оған толық сенімдіміз. Осы күні ұлты қазақтардың балаларының 90 пайызы қазақ мектебіне бара­тыны белгілі болды. Көп қорқытады, терең батырады.

Екінші мәселе – тәуекеліміздің аздығы жайында

Жақында отан­дасымыз, белгілі журна­лист Ва­дим Борей­ко­ның сұхбатын көзім шалды. Өмір бойы Қа­зақстанда тұ­рып, қазақ ті­лін тұрмыстық дең­гейде болса да ес­тіп жүрген сақа жур­налист мынадай қызық сөз айтады: «Қа­зақстандағы орыс тіліне қатысты мәселенің бірі – ұлттық тілдердің нормаларын жергілікті орыс тіліне енгізуге тырысу. Мысалы, «жи-шиды» «ы» әрпі арқылы жазу (Шымкент, Шымбулак). Әуелгі кезде осылай жазғандары үшін дене қызуым көтерілетін. Бір күні әріптесім Сапа Мекебаев сабырға шақырды. Содан бері бұл жағдайға қалыпты нәрсе деп қарай бастадым, оны сындыра алмайсың, тек өзіңді шаршатасың. Оны зерттеген әлде­қайда өнімдірек» дейді ол.

Демек, қанша жерден қа­зақ­­тың ортасында жүрсе де, мем­лекет саясатына қатысты сөзді ба­тыл айтып жүрген орыстілді жур­налистің өзі қазақ тілінің нор­маларын сақтауды қажет деп білмейді.

Жетпіс жылдан астам уақыт біздің Ыбырайымыз – Ибрай, Жамбылымыз – Джамбул, Өксік­байымыз – Уксикбай болып келгенін орыстілділер әбден заң­дылық көреді де, ал сол тілге сәл селкеу түссе, сауырын сона шаққан аттай тулайды. Өте дұрыс! Демек, оларда тілдік иммунитет мықты. Кез келген сырт сөзді өз тілінің заңдылықтарына сай икемдеп ала қояды. Осы күнгі орыс тілінде кірме сөздер елу пайыздан асып кеткен болар. Дегенмен олар ағылшын тіліндегі «революшнді» – революция, «демонстрейшнді» – демонстрация, француз тіліндегі «мәшинді» – машина, түркілік «арық» – арык, «арқанды» – аркан дәрежесіне жеткізіп қойған. Өз сөздері сияқты. Балталасаң да бұза алмайсың.

Өкінішке қарай, 1991 жылдан бергі ширек ғасырдан астам уақытта біз тіліміздің иммунитетін көтере алмадық. Көтермегеніміз былай тұрсын, қазір ағылшынша, орысша, арабша, түрікше сөздер тілімізге төл қалпын бұзбай еніп жатыр. «Селфи» дейміз, «селпи» емес. «Жарнама», «жалға беру», «сам­дағай/ұшқыр» деген секілді баламалары бола тұра, «реклама», «аренда», «мобильный» дегенге тіліміз өте бейім. «Машал­лах»­ дей­міз, «машалла» емес. Мұндай мы­салды ондап, жүздеп келтіруге болады.

Не істеу керек еді? Алысқа бармай-ақ, Балақаев, Аханов, т.б. тіл білімі ғылымының айту­лы ғалымдарының кітап­та­рын ақтармай-ақ, қазақ тілі­нің ор­фо­эпия­лық және орфография­лық заң­­дылықтарына сүйене оты­рып, өз тілімізді жаңа заманға бе­йім­­деуіміз керек еді.

Мысалы, біз әлі күнге «Кёльн» деп жазамыз, айтамыз. Осы атаудың неміс тіліндегі жазылуына назар аударайықшы. Köln. Төбесінде екі нүктесі бар дауысты дыбыс қа­зақ тіліндегі «ө»-мен үндес. Анық­тап айтқанда, «ө»-нің өзі. Ен­деше, неге біз оны орыс тілінің заңдылығына сай Кёльн деуге тиіспіз? Ағылшындар бұл қаланы Cololgne деп жазып, Клөун деп оқиды. Америкалықтар тіпті Клоун деп жуандатып айтады. Сол үшін оларды сөгіп жатқан ешкім жоқ. Әр халық өз тілінің ережесіне сай жазады және оқиды. Баяғы қалыпта, қазақы үлгі­ден жырақта жүрген біз ғана. Көлн дей салсақ, біз­ді біреу бұрышқа тұр­ғызып алып сабай ма? Осы­ны мәселе ғып көтере қал­саңыз, басқа басқа емес, қа­зақ­тілді географтардың өзі өре түрегеледі. «Үйбай, қалып­­та­сып қалған атау, оны өзгерткеннен не ұтамыз?» деп тіс­тей қатқан қа­лып­тан жазылмайды. Олар­ға «тіл­дің өзіндік ерек­ше­лі­­гін сақтау үшін түзету ке­рек» дегенді қалай түсін­­­дірерсіз?

Он шақты жыл бұрын айту­лы жазушы Мұхтар Мағауин ал­ман­­дардың ұлы ақыны Иоганн Фольфганг Гётені Гөте деп жаз­­ды. Бірақ ешкім іліп алып кет­кен жоқ. Гёте – әлі күнге Гёте. Сол Германияда Мюнхен және Мёнхенгладбах деген екі қала бар. Алғашқысының неміс тілін­дегі нақты атауы – München. Ағыл­шындар бұл қаланы Munich деп жазып, Мюнек деп оқиды. Сірә, қаланың ежелгі жоғарғы немістер тіліндегі Munichen, яғни «монахтардың қаласы» дегенінен қысқартып айтатын болса керек. Егер орыс тілінің ыңғайына жығыла салмай, өз тіліміздің өрнегімен оқитын болсақ, Бавариядағы бұл қаланың қазақы атауы – Мүнхән, тіпті дәлдесек – Мүншән. Жоқ, оны зерттеп көрген емеспіз. Тілімізді бұрап, орысша заңдылықпен ежік­тейміз. Ал Мёнхенгладбах не­міс тілінде Mönchengladbach деп жазылып, Мөнчәнглатбах деп оқылады. Орысша оқылуы жо­ғары­дағыдай – Мёнхенгладбах. Біз­ге қайсысы жақынырақ? Орыс­ша­сы ма, немісшесі ме? Әрине, немісшесі! Онда біздің тілге тән «ө», «ә» сияқты дыбыстар бар.

Ағылшын тіліндегі «ng» қосын­ды­сынан шығатын дыбысты «ң» ете алмай жүргенімізге де жарты ғасыр­ға жуықтады. Зәулім үйді (ғимаратты) «билдинг» деп оқимыз, ағылшындардың өзі «билдиң» дейді. Сөз ортасында келетін -«er», -«ur», -«ir» дыбыстарын «ө» деп оқи салуға біліміміз жетеді, бірақ өтірік намыс жібермейді. Мысалы, қыз баланы ағылшын тілінде «girl»-«гөл» дейді. Мұнда нақты «ө» дыбысы емес, алдында естілер-естілмес болып «и» дыбысы өте жылдам айтылады. Біз болсақ, «гёл» деп тіпті жуандатып, бастапқы қалпынан мүлде алыстатамыз. Егер қазақ тілін ХХ ғасыр басындағы иммунитетінен айырмаған болсақ, қазір ағылшын, неміс, француз тілдерін үйрену бізге өте оңайға соғар еді. Біз не істеп жүрміз? Осы үш тілді әуелі орыс тілінің заң­ды­лы­ғ­ына салып үйрене бастаймыз да, басымыз ми-ботқа болады. Со­дан не дұрыстап оқи алмай, не дұрыстап дыбыстай алмай, ақыры жылы жауып қоямыз. Шын­дығында, славян тілдеріне қарағанда қазіргі атаулы тілдерге біздің тілдің дыбысталу үлгісі әбден жақын ғой.

Бір қарағанда, бүгінгі тақыры­бы­мыз еріккеннің ермегі болып көрінер. Бірақ бәрібір тілді әуелгі қалпына жақындатпасақ болмайды. Қазір ғылым, әдебиет, мәдениет, спорт, медицина, т.б. маңызды салалардағы терминдердің бәрін біз солтүстіктегі көршінің тіл заң­ды­лығына сай оқып, жазамыз. Өткен жылы жазда футболдан Еуропа чемпионатында Түркия құра­­масының сапында Емре Мор деген жас шабуылшы өнер көрсетті. Соның аты-жөнін қазақы қалыпқа сай Әміре Мөр дегеніміз үшін үлкендерді қойып, жас фанаттардан да сұмдық сөз естідік. Естідік те, күрсіндік. Біздің тілдің қазіргі формасы – қазақы емес. Осыны мойындадық. Қазақы үлгімен сөй­­лесеңіз, қазақтың өзі ашатын же­рінің бәрін ашып күледі.

Черногория деген елді не Қара­тау дей алмай, не Мон­тенегро дей ал­май, тіпті жер­гі­лікті жұрттың өз тіліндегідей Црна Гора деп айт­пай, жақын жұрттың ыңғайына жы­­ғылып келеміз. «Таяу Шығыс», «Қиыр Шығысыңыз» мұрты бұ­зыл­­май ол тұр. Сонда қашан дүние­та­ны­мымыз атам қазақтың үлгісіне сәйкестенбек? Римді – Ұрым, Азовты Азау деген бабалар бүгінгі ұрпағы не деп жүргенін түсінбес еді тіпті…
Айта берсек, әңгіме көп…

Есей Жеңісұлы,

"Айқын" газеті