19 қар, 2021 сағат 16:35

Сауықтыру аясында 6,6 трлн теңгеге жуық нашар несиелер есептен шығарылды - Тоқаев


Қаржы секторын сауықтыру аясында 6,6 триллион теңгеге жуық нашар несиелер есептен шығарылды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда қаржы секторының өкілдерімен кездесуде айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жиында Мемлекет басшысы, ең алдымен, қаржы секторының тұрақтылығына тоқталды. Сондай-ақ бүгінде қаржы секторының дәрменсіз банктерден арылғанын, ал сауықтыру аясында 6,6 триллион теңгеге жуық нашар несиелер есептен шығарылғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өтеу мерзімі 90 күннен асқан қарыздардың деңгейі банктердегі несие портфелінің 4,3 пайызын құрайды. Бұл – соңғы 13 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Президент осыдан қорытынды шығарып, жинаған тәжірибе негізінде жиі қайталанатын тәуекел-қатерлердің алдын алу шараларын күшейту қажет екеніне тоқталды.

Президенттің айтуынша, банктер мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде экономиканы несиелеу бойынша зор әлеуетке ие болып отыр. Банк жүйесіндегі өтімділігі жоғары активтердің көлемі – 12,2 триллион теңге.

«Биыл тұрғындар сұранысының белсенді түрде қалыпқа келе бастағанын байқап отырмыз. Тұтынушылық несие 32,8 пайызға артқан. Несие алушылар 6,1 миллион адамға жетті. Бәлкім, бұл қалыпты үдеріс. Алайда азаматтарымыздың қарыз жүктемесіне тиімді бақылау жасау маңызды. Қазіргі уақытта 545 мың адамның қарызын өтеу мерзімінің кешеуілдеуі 90 күннен асқан. Мәселе еліміздің қаржы тұрақтылығына төнген тәуекел-қатерде ғана емес. Бұл көптеген азаматтарымыздың қаржы тапшылығымен бетпе-бет келгенін білдіреді. Бұл әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін», – деді Президент.