08 мау, 2020 сағат 12:36

Саунадағы судья: Жоғарғы сот тексеру қорытындысымен бөлісті

ҚР Жоғарғы соты саунада демалған аудандық сот төрағасына қатысты қызметтік тексерудің алғашқы нәтижесімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Судьяларды лауазымынан алу және тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібі «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы« ҚР Конституциялық заңымен реттеледі. Судьяларды теріс қылығы бойынша қызметінен алу бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Біріншіден, нақты жағдай бойынша Судья әдебі жөніндегі комиссия судья әрекетінде Судья әдебі кодексін бұзу фактісінің болуы туралы қорытынды шығарумен тексеру жүргізеді. Тәртіп бұзушылық анықталған жағдайда облыстық соттың барлық судьяларының қатысуымен өтетін жалпы отырыста Жоғарғы сот кеңесі жанындағы Сот төрелігіне судьяны тәртіптік жазаға тарту үшін материалдарды жіберу туралы мәселе жасырын дауыс беру арқылы шешіледі», - деді ҚР Жоғарғы соты баспасөз қызметінің жетекшісі Айдос Сәдуақасов. 

Оның атап өтуінше, бұған қоса судья Сот төрелігінің өзін тәртіптік жазаға тарту туралы шешіміне қатысты Жоғарғы сот кеңесіне шағым жасай алады. Содан кейін ғана Жоғарғы сот кеңесі түпкілікті шешім қабылдайды. 

«Алматы облыстық сотының Судья әдебі жөніндегі комиссиясы Алматы облысы Кербұлақ аудандық сотының төрағасы Д.Сейітовтің монша кешенінде болу фактісіне қатысты тексеру жүргізді. Тексеру материалдарын комиссия қарады. Комиссия Алматы облысы Кербұлақ аудандық сотының төрағасы Д.Сейітовтің Судья әдебі кодексін бұзу фактісін анықтады. Бүгінгі күні Д.Сейітовке қатысты материал Алматы облыстық сотының жалпы отырысының қарауында жатыр», - деді Айдос Сәдуақасов. 

Естеріңізге сала кетсек, осыдан біраз уақыт бұрын прокурор мен сот төрағасының кәсіпкермен бірігіп саунада демалып жүрген видеосы әлеуметтік желіге тараған болатын. Бейнежазбада видеоны түсіріп тұрған автор өзінің сот төрағасымен саунада демалып жатқанын баяндайды.