Сауда және интеграция министрлігі Бағаны тұрақтандыру жөніндегі жол картасының негізгі шараларын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік Бағаны тұрақтандыру жол картасын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп әзірледі.
Жол картасы мынадай іс-шараларды қамтиды: тексеру мен комплаенс, сауда шаралары, өндірісті ұлғайту және кәсіпорындарды қолдау, сондай-ақ заңнамалық өзгерістер.
Бірінші бағыт «Тексерулер және комплаенс». Бүгінгі таңда азық-түлік бағасының айтарлықтай өсуі байқалады. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында монополияға қарсы орган мен әкімдіктер тарапынан бақылауды күшейту қажеттілігі туындады. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің құзыретіне басым бизнес субъектілерінің бағаға қатысты сөз байласу фактісін анықтау және олар анықталған жағдайда оның жолын кесу кіреді. Өз кезегінде, әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлікттің шекті бағасының сақталуын бақылау құзыреті берілген.
Жол картасында әкімдіктерге, фискалдық және монополияға қарсы органдарға барлық қажетті бақылау іс-шараларын жүргізуге мүмкіндік беретін шағын бизнеске қатысты тексерулерді тағайындау алгоритмін қабылдау көзделген.
Екінші бағыт «Сауда шаралары». Бағаларды тежеудің пәрменді тетіктерінің бірі өңірлерде шекті бағаларды белгілеу. Мәселен, күнбағыс майы мен жұмыртқа бойынша барлық өңірлерде шекті бағалар асып түсті. Әкімдіктер шекті бағаны белгілеуі тиіс. Сауда және интеграция министрлігі, өз кезегінде, осы тауарларға шекті бағаларды белгілеуді ұсынады.
Әрекет ететін тетік – «айналым схемасы», яғни сауда желілеріне жеңілдікті қарыздар беру. Айналым схемасы шеңберінде тауарлар сауда желілерінің сөрелерінен нарық бағасынан орташа алғанда 15-20% төмен бағамен сатылады. Сауда және интеграция министрлігі айналым схемасын қаржыландыруды 21,9 млрд теңгеден 50 млрд теңгеге дейін өсіруді ұсынады. Сондай-ақ, Сауда және интеграция министрлігі тауарлардың, атап айтқанда, бұқа мен қошқардың экспортына квота белгілеуді ұсынады. Себебі Өзбекстанға тірі сиыр мен ұсақ мал экспортының жоғары болуына байланысты сиыр еті бағасының өсу қаупі бар.
Өндірісті ұлғайту және кәсіпорындарды қолдау жөніндегі үшінші шара. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолдауы субсидиялауды білдіреді. Субсидиялауды ұлғайту, субсидиялау критерийін қайта қарау, сондай-ақ теміржол тасымалы шығынының бір бөлігін өтеу өтемақысы, сауда объектілерінде оларды одан әрі сату үшін азық-түлік корпорацияларының резервінен әлеуметтік маңызы бар тауарларды бөлу, сондай-ақ электр энергиясына тарифтерді белгілеу көзделеді, өйткені бүгінде ӘМАТ өндірушілердің негізгі шығындарының бірі – коммуналдық қызмет.
Бұдан басқа, ҚР Сауда және интеграция министрлігі тұрақтандыру қорларын импортқа тәуелді тауарларды сатып алуды қайта бағдарлауды ұсынады, себебі сыртқы бағалар ішкі бағаларға ауысады және бағаның жоғары өсуіне ықпал етеді. Бұл қант пен қарақұмықтан байқалады. Әлемдік бағаның өсуіне байланысты ішкі нарықтағы осы тауарлардың құны өсті.
Төртінші бағыт заңнамалық өзгерістерді қамтиды. Мәселен, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және әлеуметтік маңызы бар тауарларды өндірушілермен және жеткізушілермен ӘКК-нің форвардтық шарттарын жасасу кезінде мемлекеттік сатып алуды өткізудің ұзақ рәсіміне байланысты мәселе өзекті болып қалуда, бұл жол картасында көрініс тапты.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің пікірінше, өндіріс көлемін, экспортты/импортты, егіс алқаптарын болжамай-ақ, Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік тауарларының құнын болжай алмайды. Болжау институтын енгізу бағаның өсуіне жол бермеу бойынша тиісті шараларды алдын ала қабылдауға, тауарларды артық болуы бар өңірлерден тапшылыққа қайта бағыттауға, сол арқылы бағаларды ұстап тұруға мүмкіндік береді.