22 мау, 2021 сағат 14:09

Сауда министрі вакциналау экономика өсіміне қалай әсер ететінін айтты?


ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов халықты вакциналау қарқынының елдің сауда саласына ықпалы туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Саладағы өсім қарқынына халықты жаппай вакциналау нәтижесінде карантин мен шектеу іс-шараларының жеңілдеуі оңтайлы әсер етеді. Мұны әлемдік сарапшылар да растап отыр», - деді Сұлтанов онлайн режимде халық алдында есеп беруі кезінде.

Осы орайда ол Халықаралық валюта қорының есеп-қисабын мысал ретінде келтірді. 

«Халықаралық валюта қорының дерегінше, 2021 жылы вакциналау қарқыны бойынша көш бастаған елдерде, яғни халықтың 50 пайызына екпе салынған мемлекеттерде экономика өсімі 5,7 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде. Сонымен қатар, халықтың төрттен бірі вакциналанған дамыған елдерде биыл экономика өсімі 3,3 пайыз шамасында болады деп ескерілген», - деді министр. 

«ХВҚ есептеуі бойынша бізде экономикалық өсім 3,2 пайыз деңгейінде болады деп айтылған. Егер де халық вакцина салуда белсенділік танытса, бізде экономика өсімі мен сауда көлемі артады», - деді Сұлтанов.