Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігініің баспасөз қызметі
Мәжілістегі сауда саясатын дамыту мәселелеріне арналған Үкімет сағатында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке «Алтын Орда» базарының келешегі туралы сұрақ қойылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Мәжілістің жұмыс тобында сіздің министрлік жақында ғана ақпарат берген болатын. Шымкент, Астана, Алматы қалаларындағы модернизацияға жататын 16 базардың ішінде «Алтын Орда базары бар ма?» - деп сұрады депутат Ерболат Саурықов.
Министр «Алтын Орда» базары Алматы қаласы емес, Алматы облысында тіркелгенін еске салды.
«Жол картасында ондай нысан бар. Қазіргі таңда үшінші үлкен көтерме тарату орталығы болады. Ол жерде екі үлкен павильон салынды. Біреуі азық-түлікке арналған. Екіншісі – азық-түлік емес тауарларға арналған. Қазіргі таңда көптеген адамдар көшеде сауда жасай беретіндерін айтып отыр. Оларға қосымша төлем төлемей, солай жұмыс істеу ыңғайлы. Көшеде сауда жасау – болмайтын формат. Саудагерлерге соны айттық», - деді Арман Шаққалиев.