ҚР Кәсіподақ федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мемлекеттік өркениетті еңбек нарығын бірлесіп құруға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Арзан еңбек экономиканы құртып жатқанын ашық айту керек. Отбасын асырау үшін жұмыс күнін тиімсіз орында босқа өткізіп жүргендер көп. Лайықты еңбек арзан бола алмайтынын бәріміз түсінетін кез жетті. Еңбек лайықты бағаланбаса, жоқшылық әуелі адам санасында орнайды. Салдарынан әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қорғалмағанын аңдаған адамдар өз құқықтары мен мүддесін қорғау үшін ең шетін шараларға баруы мүмкін», - деді ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Сондай-ақ ол жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы дауды ереуілмен емес, ережемен шешетіндей жүйе құру керек деген пікір айтты.
«Бүгінде жұмысшыларға табыстың өсімі және жұмыс берушімен арадағы қатынасты құқықтық алаңда шешу мүмкіндігі қажет. Қазір мемлекетке де, кәсіподақ қозғалыстарына да өркениетті еңбек нарығын құру маңызды», - деді федерация басшысы.